СҚО-да тұрмысы қолайсыз отбасылар мен мектептердің қауіпсіздік жүйелері тексерілуде

СҚО-да тұрмысы қолайсыз отбасылар мен мектептердің қауіпсіздік жүйелері тексерілуде

Солтүстік Қазақстан облысында тұрмысы қолайсыз отбасыларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жандандырылды. Мобильдік топтар ювеналдық полицейлермен, учаскелік инспекторлармен және мүдделі ведомстволардың өкілдерімен жасақталған. Күшейтілген жұмыс 20 қарашада басталған «Құқықтық тәртіп» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізілуде. Кезекті рейдтердің бірінде мүдделі мемлекеттік органдардың, «Amanat» партиясының өкілдері, сондай-ақ СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова мен полиция қызметкерлері 8 жасар баланың анасын мас күйінде жүрген жерінде ұстады. Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әйел бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ескерту шаралары оған сабақ болмаған, енді баланы қажетті жерге орналастыру мәселесі шешілуде.

«Бүгінде облыста «қолайсыз отбасылар» санаты бойынша есепте 150-ге жуық отбасы тұр, оның 110-ы биыл есепке қойылды, - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов. – Қаңтардан бастап 62 заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылды, 727 адам ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ювеналдық полиция қызметкерлері жиі анықтайтын құқық бұзушылық – жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнде үйден тыс жерде болуы. Жыл басынан мұндай фактілердің 2358-і анықталды».

Сондай-ақ рейд барысында Петропавлдағы бірқатар мектептер тексерілді. СҚО ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп мектептердегі «дабыл түймелері», күзет қызметінің болуы, оқу орындарындағы балалардың қауіпсіздігіне жауапты жеке күзет құралымдарындағы жедел әрекет ету топтарының жеделдігі тексерілді.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыс полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады және басшылықтың тұрақты бақылауында.