СҚО-да табиғатты қорғаушы полицейлер бір айдың ішінде 49 бірлік атыс қаруын тәркіледі

СҚО-да табиғатты қорғаушы полицейлер бір айдың ішінде 49 бірлік атыс қаруын тәркіледі

Солтүстікқазақстандық полицейлер 20 қазан мен 19 қараша аралығында өткен «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде сібір елігінің – 6 және бұланның 1 ұшасын тәркілеп алды. Іс-шараның мақсаты – өңірдегі табиғат ресурстарының браконьерлердің қолына түсуін болдырмау. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктілер мен құқық бұзушылардан тіркелмеген 12 тегіс ұңғыл мылтық, тіркелген 34 тегіс ұңғылы мылтық және 3 тіркелген иір ойықты мылтықты тәркіледі.

Іс-шара өткен уақытта 6 қылмыстық іс қозғалды, оның үшеуі заңсыз аңшылық, біреуі ағаштарды заңсыз кесу және екеуі Artemia salina шаяндарын заңсыз өндіріп алу бойынша. Мысалы, 9 қараша күні кезекті рейдтердің бірінде Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Горькое-Солёное көлінің жағасында екі адамды және қалың шөптің арасына әлдебір заттарды лақтырып жібергендерін байқап қалды. Бұл заттар қалақ, торлар және құм тәрізді затпен жартылай толтырылған қап болып шықты. Сараптамаға сәйкес қаптың ішіндегі зат Artemia salina цисталары болып шықты. Павлодарлық 21 және 22 жастағы екі ер адамның шаяндарды аулауға рұқсаты болмаған.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Бұдан бөлек, табиғатты қорғау заңнамасы саласында 256 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 225-і аң аулау ережелерін бұзуға қатысты, - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы құрамындағы табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Асхат Қожабаев. – Қаруды жиналған және оқталған түрде тасымалдау фактілері үлкен қауіп төндіреді, бұл үшін 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тіркелмеген аңшылық қаруын сақтаудың 12 фактісі анықталды. Мас күйде аң аулауға және балық аулауға қатаң тыйым салынғанын еске саламыз».

Өңірдің биоалуантүрлілігін қорғауға бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.