
19 қараша күні сағат 11:05 кезінде Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция аға лейтенанты Жәнібек Әнуарбеков пен полиция старшинасы Қанат Балтабаев Жас өркен ықшам ауданындағы жеке сектордан шығып жатқан қою түтінді байқап қалады. Инспекторлар түтіннің Ертіс көшесіндегі бір-біріне қосылып салынған көппәтерлі үйден шығып жатқанын анықтады. Олар дереу өрт сөндіру қызметін шақырып, 70 және 71 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлерді, газ баллонын алып шықты.
Өрт сөндірушілер тез арада тиісті шаралар қабылдап, болжам бойынша өрттің электр желілерін пайдалану қағидаларын бұзудан пайда болғанын анықтады. Полиция мен өрт сөндірушілердің бірлескен сауатты іс-қимылының арқасында ешкім зардап шекпеді. Өрт толық ауыздықталғаннан кейін Жәнібек Әнуарбеков пен Қанат Балтабаев өздеріне бекітілген учаскеде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аттанды.