
Демалыс күндерінде қолайсыз ауа райының орын алуына орай Солтүстік Қазақстан көлік жүргізушілеріне жолда аса сақ болу қажет. СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жүргізушілерді ескертуде: ықтимал жауын-шашын мен жол бетінде мұздың қатуына байланысты жолда барынша сақ болған жөн. Рұқсат етілген жылдамдықты асыру, маневр жасау ережелерін бұзу сияқты бұзушылықтар ерекше қауіп төндіреді.
Қолайсыз ауа райы жағдайында тәртіп сақшылары белгіленген жылдамдықты сақтап, қажет болған кезде азайтып, көлік құралдары арасындағы қашықтықты алшақтатуға кеңес береді. Орыннан жұлқа жүріп кетуден және кенеттен тоқтаудан сақтанған дұрыс – бұл көлікті тізгінінен айырылуға әкеп соқтырады. Көліктерінің шинасын қысқыға ауыстырмаған барлық жүргізушілерді шиналарын ауыстыруға шақырамыз. Полицейлер қыста жазғы шинаны пайдалану ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабымен көзделген көлік құралдарын пайдалану қағидаларының бұзушылығы болып табылатыны туралы ескертеді.
«Қала сыртындағы жолда жүріп келе жатқан кейбір жүргізушілер барынша жылдамдықты асыруға тырысады, - дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов. – Жолда жаяу жүргіншілер мен малдың пайда болу қаупі жоғары елді мекендердің маңынан өткен кезде жылдамдықты азайтуға шақырамыз. Дымқыл асфальт, қар мен мұз бірден тоқтауға мүмкіндік бермейді, жолдағы қолайсыз жағдайға шұғыл ден қою оңайға соқпайды. Қала жолдарында жүрген кезде жолға кенеттен балалар шығып қалуы мүмкін аулалар мен жолдың аса қауіпті учаскесі болып табылатын қиылыстарда ерекше сақ болуға шақырамыз. Ағымдағы жылғы 10 айдың ішінде облыста 327 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның 127-сі қиылыстан өту ережелерін бұзу салдарынан орын алған».