СҚО-да мас жүргізуші полицияның сиренасын естімеген

СҚО-да мас жүргізуші полицияның сиренасын естімеген

Солтүстік Қазақстан облысында 10 айда мас жүргізушілердің кінәсінен болған 23 жол-көлік оқиғасында 6 адам қаза тауып, 30 адам жарақаттар алды. Жол-көлік оқиғаларының ауырлығына және апаттылыққа тікелей әсер ететін жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарымен күресуді полиция қызметкерлері үнемі жүргізіп тұрады.

7-12 қараша аралығында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының 6 күні ішінде СҚО полицейлері 29 мас жүргізушіні анықтады. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ауылдарының бірінде ВАЗ 2106 маркалы автокөлігі полиция қызметкерлерінің көзіне түсті. Жүргізушінің айтуынша, өзінің мас болғаны соншалық, полиция қызметкерлерінің дауыс зорайтқыш арқылы айтылған тоқтау туралы талабын естімеген. Тәртіп сақшылары оны аулаға кірген сәтте ұстады. Медициналық куәландыру алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес, көлікті масаң күйде жүргізгені үшін ауыл тұрғыны 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

«Іс-шара барысында облыс жолдарында 2473 құқық бұзушылық анықталды, - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов. – Оның ішінде жылдамдықты асырудың – 146, маневр жасау ережелерін бұзудың – 50, жаяу жүргіншілерге өткелдерде жол бермеудің – 40 дерегі бар. 26 жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтті. Бұдан бөлек, 280 жүргізуші көлік басқару кезінде қауіпсіздік белдігін пайдаланбады, 201-і көлік тізгінінде телефонмен сөйлесті. 389 жүргізуші жолдың рұқсат етілмеген жерлерінен және бағдаршамның қызы түсіне өткені үшін жауапкершілікке тартылды».