
Бірер күн бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының тұрғындары 6 жасар қызына туыстарында түнеп келуге рұқсат берген. Келесі күні оның үйге қай уақытта қайтуға дайындалатынын телефон арқылы сұрап білмек болған жақындары бүлдіршіннің екі сағат бұрын кетіп қалғанын естіген. Өздері іздегенмен еш нәтиже болмаған. Абыржыған ата-аналары учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Руслан Қоянбаевқа жүгінген.
Сағат 16:50-де учаскелік инспектордың хабарламасы аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Бөлімнің жеке құрамы тез арада дабыл бойынша көтерілді. Дереу құрылған 8 мобильдік топ аудан орталығын және баланың болуы мүмкін мекенжайларын тексеруге көшті. Туыстары мен көршілері, ауылдық мектептің мұғалімдері де қалыс қалмады. Қуанышқа орай, бір жарым сағат бойы жүргізілген іздеу жұмыстары жақсы аяқталды. Жоғалған қызды кезекшінің көмекшісі полиция сержанты Бекасыл Ермахан тауып алды. Анықталғандай, үйіне келе жатқанда құрбысының үйіне кіріп, ойынның қызығына беріліп кеткен. Табылған қыздың ата-анасы полицейлер мен ауыл тұрғындарына алғыстарын жаудырды.
«Кішкентай қыздың ата-анасымен профилактикалық сипатта әңгімелесу жүргізілді, - дейді аудандық ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Әлжанов. – Балаларға өздерінің жүрген жерлерін үнемі айтып отыруды үйретулеріңізді сұраймыз. Үйден тыс жүрген баланың барлық іс-қимылын бақылап отыруға кеңес береміз. Балалардың кіммен араласатынын біліп, сенімді қарым-қатынас орнатуды да ұмытпаған жөн. Сондай-ақ жасы кішкентай балаларға жоғалып кеткен жағдайда не істеу керек екенін үйрету қажет. Егер жақын маңда полиция қызметкері, бөлімі болмаса, жақын тұрған дүкенге барып полицияға хабарласуға болады. Көшелерде бала ерткен әйелдерден көмек сұраған дұрыс».
#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО #SQOPD #SQO_PD #Polisia #Полиция #Police #Polizei #policía #polizia