Еріктілер мен полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы күш біріктірді

Еріктілер мен полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы күш біріктірді

СҚО Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері интернет-алаяқтар жиі пайдаланатын әдіс-тәсілдер туралы айтып берді. Жедел уәкілдер алдын алу-түсіндіру жұмысына еріктілерді де тартқан. «Қамқор» еріктілер клубының өкілдері және полицейлер оңай олжа іздеушілердің қылмыстық әдіс-тәсілдері туралы ескертетін жадынамалар таратты.

«Қылмыскер әлемнің кез-келген түкпірінде бола тұра, арам ойын жүзеге асыра алады. Аңқау солтүстікқазақстандықтар алаяқтардың құрығына ОLX, Kolesa.kz сайттарында орналастырылған жалған хабарландырулар, әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар арқылы түсіп жатады, қаскөйлер өздерін сатып алушылар деп таныстырып, не көмек көрсетпекші сыңай танытып, банк карталарынан ақша жымқырады», – дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Виталий Подчернин.

Интернет-алаяқтар жиі пайдаланатын әдістердің бірі – «сатып алушы мен сатушы». Алаяқ өзін сатып алушы ретінде таныстырып, алдын ала төлем жасау үшін банк картасының нөмірін сұрайды. Бұдан кейін қаскөй сатушыға хабарласып, телефонына банкіден растау коды бар SMS-хабарлама келетінін және ақшаның есепшотқа түсуі үшін кодты іске қосу қажет екенін айтады. Сонымен қатар, қоңырау шалушы адам өзін банк қауіпсіздігінің қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге алаяқтардың есепшотқа қол жеткізгелі тұрғандығын айтып, алаяқтардың әрекетіне кедергі қою үшін телефонға келетін SMS-хабарламаны сұрауы мүмкін.

Сондай-ақ, алаяқтар өздерін автобөлшек және тағы басқа тауарлардың сатып алушылары ретінде таныстырып, айла арқылы ақшаны қалтаға басуды көздейді. Олар алдын ала төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды. Кейбір жағдайларда келіп түскен төлемді растау үшін жалған құжаттарды да жіберулері мүмкін. Алаяқтар адамдарды желіге спорттық іс-шараларға нақты болжам жасау туралы хабарландыруларды орналастырып та алдайды. Сондай-ақ, қаскөйлер әлеуметтік желіде жәбірленушінің жақындарының, әріптесінің немесе танысының парақшасына ұқсас парақша жасап, жәбірленушіге несие төлеуге көмек көрсету өтінішімен хабарлама жібереді.

СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климовтің айтуынша, алаяқтың құрбанына айналмас үшін ең бастысы сақ болу қажет, интернетте қаржы операцияларын жүзеге асырған кезде асығыстық танытпай, әр қадамды ой елегінен өткізген жөн. Бұдан бөлек, полицейлер банк карталарын фольгамен қорғалған қалталары бар арнайы әмияндарда сақтауға кеңес береді. Интернет-алаяқтың құрығына түсіп қалған жағдайда, бұл жөнінде дереу полицияға хабарлау қажет. Жыл басынан СҚО-да интернет-алаяқтықтың 145 фактісі тіркелді.

СҚО ПД баспасөз қызметі