
10 мамыр күні СҚО Жамбыл ауданындағы ЖШС-тің бірінің директоры ПБ кезекші бөліміне гербицид ұрланғаны жөнінде арызбен жүгінді. Белгісіз қылмыскерлер кәсіпорынның қоймасына құлыпты бұзып кіріп, 225 литр химикатты қолды қылған. Келтірген шығын сомасы 900 мың теңгеден асады. Жедел-іздестіру іс-шараларын аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері де жүргізді. Барлық мәліметтерді жан-жақты тексеру нәтижесінде ұрлық жасады деген күдікпен Петропавл қ. 1970 және 1986 жылдары туған екі тұрғыны ұсталды. Екеуінің де мүліктік қылмыс жасағаны үшін өтелген соттылығы болған. Олар өткен жылы аталған ЖШС жұмыс істеген екен. Ұрланған гербицид алынып, иесіне қайтарылды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-б. бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Облысымызда 27 сәуірден «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі өткізілуде, - дейді СҚО ПД КПБ бастығы полиция полковнигі Пётр Климов. – ЖПІШ аясында криминалдық бөліністердің барлық қызметкерлері астықтың, гербицидтің, жанар-жағармай материалдары мен ауылшаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерінің ұрлығына жол бермеуге және оларды ашуға бағдарланды. Облыстың диқаншылары өңірдің әл-ауқатымен тығыз байланысты мүдделерін қорғауға, әсіресе, егін егу науқаны кезеңінде мұқтаж».
ЖПІШ басталғалы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің меншігіне қатысты 5 қылмыс тіркелді, бүгінгі күні оның 4-і ашылды.
СҚО ПД баспасөз қызметі