Төтенше жағдай кезеңінде қару ұстау мерзімі аяқталғандарды жауапқа тартпайды

Төтенше жағдай кезеңінде қару ұстау мерзімі аяқталғандарды жауапқа тартпайды

Қару айналымы саласындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтарды ескерту мәселелері Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Жыл басынан әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметінің полицейлері тұрғылықты мекенжай бойынша 3 мыңнан астам қару иелерін, сондай-ақ 85 ұйымды тексерді. 382 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, олардың басым бөлігі – қаруды сатып алу, сақтау немесе тасымалдау ережелеріне қатысты.

«Барлық солтүстікқазақстандық қару иелеріне төтенше жағдай кезеңінде полицейлердің ерекше режимде жұмыс істейтіні туралы еске саламыз. Атап айтқанда, ТЖ кезеңінде қаруды сақтау және алып жүруге рұқсат мерзімдері аяқталған азаматтық қару иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бұл азаматтардың денсаулығын қатерге тікпеу мақсатында жасалып отыр, яғни рұқсат мерзімін ұзарту үшін медициналық мекемеге барып, оқу орталығында сынақ тапсыру және тағы басқа рәсімдерден өту қажет болатын. Алайда, ТЖ режимі алынғаннан кейін қару иелеріне барлық қажетті рәсімдерден өтіп, тиісті құжаттарды ресімдеу қажет», - деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы полиция майоры Құрман Мусин.

Сондай-ақ, әкімшілік полицейлер атыс қаруы – жоғары қауіп көзі екенін атап өтті. «СҚО тұрғындары азаматтық қаруға қатысты барлық мәселелер бойынша учаскелік полиция инспекторларына немесе тікелей СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобына жұмыс күндері 8 (7152) 39-48-68 телефоны бойынша жүгіне алады» - деді Құрман Мусин.

Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы