Масаң күйінде көлік басқарғаны үшін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны ұсталып, алты айға бас ботандығынан айыру жазасын алды. 35 жасар ауылдық 4-ші сәуір күні алкогольдік масаң күйінде Ефимовка ауылының көшелерінде жүйіткіген. Дәл осындай қылығы үшін ер адамның екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. 2017 жылдың тамызында ол басқару құқығынан 3 жылға айырылған. Алайда, бұл спирттік ішімдік қызуымен рөльге отырған азаматқа сабақ болмады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Аудандық соттың шешіміміен ол алты айға бас бостандығынан және өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды. Жазаны ауырлататын мән-жай: құқық бұзушылықтың төтенше жағдай кезеңінде жасалуы», - дейді Ғабит Мүсірепов атындағы АПБ бастығы полиция подполковнигі Айдос Ідірісов.
Мас жүргізушілерге жазаны қатаңдататын заңнамадағы өзгерістер ағымдағы жылғы 11-ші қаңтардан заңды күшіне енгенін естеріңізге саламыз. Енді басқару құқығынан айырыла тұра, масаң күйінде рөльге отырған адам жүргізуші құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ, бұндай желіккендер үшін айыппұлдан бас бостандығын айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында осындай 20 факті тіркелген.
СҚО ПД баспасөз қызметі