СҚО полицейлері жоғалған табынды дронның көмегімен іздеді

СҚО полицейлері жоғалған табынды дронның көмегімен іздеді

СҚО Айыртау ауданының полицейлері аудан орталығы Саумалкөл ауылы тұрғындарының алғыстарына ие болды. 21 сәуір күні жылқы өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары Галицино а. маңында еркін жайылымда жүрген табыннан 13 жылқының жоғалғанын анықтайды. Олар жылқыларды үш күн бойы өздері іздестіріп, кейін аудандық полиция бөліміне жүгінеді. Іздеу топтары құрылып, автокөлік бөлінеді. Шал ақын ауданына қарай бет алған топ іздеу жұмысына квадрокоптер пайдаланған, оны аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі полиция капитаны Ілияс Құнанбай басқарған. Аталған техникамен екі жылдай жұмыс істеген Ілияс тәжірибелі оператор болып алыпты. Із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіруге көмектесу үшін ол квадрокоптермен сағаттап жұмыс істеген.

Іздеуге екі тәулік жұмсалған, іздеу тобы жоғалған жерден көрші ауданның аумағына дейін шамамен 100 км-дей жүріп өткен. Дрон жүріп өтуі қиын орманды жерде пайдаланылды. Ол ауада 25 минут болып, 8 км-дей жер ұшқан. Алайда, жылқылар қырағы бақташылардың көмегімен табылды. Полицейлер көп жылқылардың жоғалғаны туралы оларды алдын ала хабардар еткен. Бақташылардың бірінен келіп түскен қоңырау мал иелерін жылқылардың ізіне түсірді.

"Жылқылардың еркін жайылымнан жоғалуы - жиі кездесетін жағдай, - деп атап өтті Айыртау ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Абылғазы Ғабдуллин. - Осындай жағдайларды, сондай-ақ мал ұрлығы фактілерін болдырмау үшін ауыл тұрғындары малдарын бақташының қарауына тапсырған жөн. Осы мақсатта мал иелері, бақташылар және жергілікті атқарушы органдар арасында үш жақты шарт жасалуы қажет".

Жылқы иелері әлеуметтік желілерде жылқыларын екі тәулік бойы күні-түні тынымсыз іздеген полицейлерге алғыстарын білдірді.

СҚО ПД баспасөз қызметі