
«Рөлде ұйықтау» - СҚО полицейлері медицина қызметкерлерімен бірлесіп осындай атаумен акция өткізуде. Түнгі уақытта жүргізушілердің қан қысымы тексеріледі. Әсіресе, үлкен жүк көліктерінің, жолаушылар тасымалдаушы көліктердің жүргізушілері ерекше назарда. Олардың қаншалықты шаршағандығы тексеріліп, дұрыс тынығу бойынша ұсынымдар айтылады. Қажет болған жағдайда, демалыс тұрағына жеткізіледі.
Жүргізушілер полицейлердің бұл бастамасына оң пікірлерін білдірді. Қорғаннан Щучинск қаласына бет алған 35 жылдық жүргізуші өтілі бар Эдуард Петерсон түнде жүрудің қауіпті тұстарын және 8-9 сағат ұйықтап, тынығудың пайдасын атап өтті.
«Рөлде ұйықтау» акциясы 1 шілдеде басталып, айдың соңына дейін жүргізілмек. Тәртіп сақшыларының айтуынша, аталмыш акцияны өткізуге қайғылы статистика себеп болған.
«ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша, жыл басынан ҚР аумағында көлік тізгінінде шаршаудың және ұйықтап кетудің салдарынан болған жол-көлік оқиғаларында 320 адам көз жұмды, - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция Айдын Байматов. – Оның ішінде 190 адам – бетпе-бет соқтығысудың, 49-ы жанасып, 81-і жол-жөнекей соғылудың нәтижесінде қайтыс болды. Жүргізушілерден көлік құралдарының техникалық жағдайын ғана емес, өздерінің де денсаулығын қадағалап отыруды, шаршаған күйде көлік жүргізбеуді, Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз».
#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО #SQOPD #SQO_PD #Polisia #Полиция #Police #Polizei #policía #polizia