Петропавл полицейлері алаяқтарға алданған зейнеткерге 5,5 млн теңгесін қайтарып берді

Петропавл полицейлері алаяқтарға алданған зейнеткерге 5,5 млн теңгесін қайтарып берді

Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасының себепкері болды, оның кесірінен жүкті әйел өлім мен өмірдің арасында тұр», — осындай сөздерді Петропавл қаласының 76 жастағы тұрғыны телефонға келіп түскен қоңыраудан естіді. Оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалған. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен әйелдің туыстары, егер оларға үлкен сомадағы ақша төленсе, өтініш жазбауға келіседі екен. Абдыраған зейнеткер келісіп, мекен-жайға келген курьерге өзінің барлық жиған-терген 5,5 миллион теңге көлеміндегі ақшасын бере салған.

Абырой болғанда, дәл осы уақытта оның қызы да үйге келген және қандай оқиға орын алғанын біліп, дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары курьерді іздеп тауып алып, қолға түсірді. Полицейлердің айтуынша, оның Петропавлдағы алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы бар болуы мүмкін. Бұл жолы ол «ізін суытпай» ұсталды, ұрланған ақша тәркіленді.

«Аталған факті бойынша Петропавл қаласының 17 жастағы тұрғыны анықталды, кәмелетке толмағандығына байланысты ол ата-анасының кепілгерлігімен босатылды, - деп хабарлайды СҚО ПД Петропавл қ. ПБ бастығы полиция полковнигі Ербол Тайбеков. – Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Соңғы уақытта мұндай алдау схемасы кеңінен таралып жатқандықтан, адамдар сақ болуы қажет. Адамдардан сақтық танытуды, қаскөйлердің психологиялық қысымына көнбеуді сұраймыз. Осыған ұқсас жағдай орын алса, бірден әңгімені тоқтатып, алаяқтар есімдерін атаған туыстарыңызға хабарласыңыздар, жол-көлік оқиғасы фактісі тіркелмегендігне көз жеткізу үшін «102» арнасына дереу қоңырау шалу қажет».

#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО #SQOPD #SQO_PD #Polisia #Полиция #Police #Polizei #policía #polizia