
«Жолда қабылдау» республикалық акциясы аясында Тимирязев ауылында карантинді бұзушыларға қатысты шара қолдануды өтінген хабарлама келіп түсті. Желі қолданушыларының бірі СҚО Полиция департаментінің ресми аккаунтындағы Instagram әлеуметтік желісінде ТЖ режиміне қарамастан, аудан орталығында киім-кешек пен аяқ киім сататын дүкен жұмыс істейтіні жайлы жазған. «Есікке дүкен жабық деген хабарландыру ілінгенімен, оның ішінде сауда жүріп жатыр», - дейді шара қабылдауды өтініп полицейлерге хабарласқан әйел.
Бұл ақпарат Тимирязев ауданының полиция бөліміне тапсырылды. Аудандық полицейлер аталған мекенжайға шұғыл жетті. Тимирязев ауданының ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Нарлан Жұмабаевтың айтуынша, дүкенде сатып алушылар болмаған, бірақ оның маңында дүкен иесінің күйеуі ұсталған. 33 жастағы ер адам дәлелсіз себептермен өзінің тұрғылықты жерінен қашықта болғаны, осылайша Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын бұзғаны белгілі болды. Нәтижесінде оған қатысты ҚР ӘҚтК 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Материалдар сотқа тапсырылады. Дүкен иесімен де түсіндіру жұмысы жүргізілді.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, СҚО аумағында «Жолда қабылдау» ай сайынғы акциясының он үшінші кезеңі өткізілуде. Қазіргі өтіп жатқан акцияның ерекшелігі карантинге байланысты полицейлердің азаматтарды әлеуметтік желілердегі тікелей эфир арқылы онлайн-режимінде қабылдау жүргізуі болып табылады. Сұрақтардың дені әкімшілік полиция, жергілікті полиция мен көші-қон қызметтері жұмысына қатысты болды. Акцияның алғашқы күнінде СҚО полициясының ресми аккаунттарында Instagram мен Facebook-ке 150-ден аса сұрақ келіп түсті. Олардың басым бөлігі учаскелік инспекторлары мен патрульдік полицияның жұмысына қатысты. Тікелей эфирде келіп түскен сұрақтардың барлығына жауап берілді.
Екікүндік акция 18 сәуірде аяқталады, тікелей эфирдің уақыты жайлы алдын ала полиция ведомствосының ресми аккаунттарындағы парқшаларда жарияланды.
СҚО ПД баспасөз қызметі