СҚО полицейлері соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясын тәркіледі

СҚО полицейлері соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясын тәркіледі

Солтүстікқазақстандық полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Аса ірі мөлшердегі марихуана партиясы тәркіленді.

Күдіктілерді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері құрықтады. «Петропавл - Астана» автожолында тәртіп сақшылары «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүргізушісінен көлікті тоқтатуды талап етті. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын елемей, жасырынбақ болды. Көп ұзамай жедел уәкілдер автокөлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатты. Көлік ішінде 29 бен 30 жастағы екі петропавлдық болды. Жасы кішісі бұрын есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмысы үшін істі болған. Жүксалғыштан өсімдік тектес зат салынған 5 қап тәркіленді. Сараптама оның жалпы салмағы 128 кг. кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Кейінірек тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің көлікжайынан 300 кг. марихуана мен 21 кг. 300 гр. гашиш жасырылған орын анықталды. Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 464 келіні құрады.

«Бұл соңғы 10 жылда облыс полицейлері тәркілеген ең ірі марихуана партиясы, - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров. – Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды, тергеу жүргізілуде».