
Жылы күндер келгелі СҚО полицейлері қала сыртындағы жолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше көңіл бөлуде.
12 мамырға қараған түні танымал Имантау-Шалқар курорттық аймағы орналасқан Айыртау ауданында жергілікті маңыздағы "Еленовка — Чистополье" автожолының үстінде жылқының кенеттен пайда болуы жол-көлік оқиғасының орын алуына себеп болды. Жылқыны Көкшетау қаласының 59 жастағы тұрғынының басқаруындағы "Ford" көлігі соғып кеткен, жүргізуші жиенімен бірге үйіне қайтып келе жатқан. Абырой болғанда, жүргізуші де, жолаушы да зардап шеккен жоқ. Автокөлікке механикалық зақым келді, жануар сол жерде жан тапсырды. Еркін жайылымға жол берген шопанға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
"Демалыс маусымында қала сыртындағы автотрассаларда қозғалыс көбейеді және мұндай оқиғалардың алдын алу жол қауіпсіздігін нығайтудың маңызды құрамдас бөлігінің біріне айналуда, — дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Марат Серкешев. - Учаскелік полиция инспекторлары қозғалыс қатысушыларына қауіп төндіретін және мал ұрлығына жағдай жасайтын еркін жайылым фактілерімен күресуді жалғастырып келеді. Жыл басынан аудан аумағында ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша 56 хаттама толтырылды".
4 айдың қорытындысы бойынша СҚО-ның 722 тұрғыны малдарының қаңғып жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.