
Наурыз айының ортасынан бастап солтүстікқазақстан полициясының барлық жеке құрамы ерекше режимде жұмыс істеуде. Дәрігерлермен бірге полицейлер пандемиямен күресте алдыңғы шепте тұр: олар санитарлық бекеттерде, инфекция ошақтарының маңында тәулік бойы кезекшілік атқарып, елді мекендердегі қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бір ғана облыс орталығында күн сайын 500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері патрульдеуге шығады.
Төтенше және карантиндік шаралар кезінде әр қызметкердің кәсібилігі мен жауапкершілігі бірінші орында тұрады. Тәртіп сақшыларының өздері тәртіп пен заңдылықты бұзуға жол бермеулері тиіс. Осы бағытта профилактикалық және күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізу Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлеріне жүктелген.
«Біз профилактикалық жұмыстарға басымдылық жасаймыз: ішкі істер органдарындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі туралы апта сайын облыстың барлық бөліністеріне шолулар жібереміз. Сонымен қатар, күндіз-түні блок-бекеттерде рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Барлық солтүстікқазақстандықтардан сұраймыз: карантин кезінде полиция қызметкерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне 8 (7152) 61-26-89, 8-700-161-26-89 сенім телефондары арқылы немесе сол нөмірге WhatsApp мессенджеріне жаза отыра шағымдана аласыздар», - дейді СҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Арман Атанов. Алынған барлық ақпарат мұқият тексерілетін болады. Полиция қызметкерлері тарапынан төтенше оқиға анықталған жағдайда, СҚО ПД ӨҚБ қызметкерлері қызметтік тексеріс жүргізеді, оның нәтижесі бойынша кінәлілер ғана емес, сонымен қатар олардың тікелей басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
СҚО ПД баспасөз қызметі