СҚО-да қазақ күресінен ІІМ-нің республикалық спартакиадасы өтті

СҚО-да қазақ күресінен ІІМ-нің республикалық спартакиадасы өтті

СҚО-да құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының қызметкерлері арасында қазақ күресінен өткен жарыс аяқталды. Екі күн бойы А.Винокуров спорт сарайының кілемдерінде палуандар елдің барлық аймақтарының намысын қорғауға келген погондағы үздіктердің үздігін анықтады. Жалпы 32 командадан 176 спортшы қатысты. Спорттық мереке ҚР ІІМ және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадалары аясында өтті және Ұлы Отан соғысының қатысушысы, КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековтың 100 жылдық мерейтойына арналды. Жарыстың құрметті қонақтары – аты аңызға айналған ардагер–«динамошы», СҚО-дағы қазақ күресі бойынша КСРО-ның алғашқы спорт шебері Бауыржан Құлжанов, грек-рим, еркін күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, «Динамо» ДШСҚ Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов, Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Думан Таев, белді спортшылар, облыс ақсақалдары.

ІІМ спартакиадасының қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қарағанды облысы ПД спортшылары құрметті үшінші орынды иеленді. Екінші орын Түркістан облысы полиция департаментінің еншісінде. Бірінші орынды Ақмола облысы полиция департаментінің командасы иеленді. «Динамо» ДШСҚ ведомствоаралық спартакиадасының нәтижелері бойынша командалық есепте үшінші орынды «Динамо» командасы иеленді. Екінші орын – ҚР ІІМ командасында. Бірінші орын Ұлттық ұлан командасына берілді.

ІІМ спартакиадасы аясында 100 кг және одан жоғары салмақта Ұлытау ПД қызметкері Құдайберген Тілеубаев бірінші орынды иеленді. 100 кг салмақта – Жетісу ПД қызметкері Жігер Сәкенұлы, 90 кг – Ақмола облысы ПД қызметкері Әсет Жүнісов, 82 келі – Жетісу ПД қызметкері Қуандық Есенеев, 74 келі – Жамбыл облысы ПД қызметкері Ерлан Махмұтов, 66 кг – Ұлытау ПД қызметкері Данияр Әлепов үздік көрінді. «Үздік техника үшін» номинациясында ҰҰ әскери қызметшісі Ержан Еренғайыпов марапатталды. «Жеңіске деген ерік үшін» аталымы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері Медет Раисовқа, «Жылдам жеңіс үшін» аталымы – Бас прокуратураның қызметкері Мақсат Айтымбетовке бұйырды.

100 кг және одан жоғары салмақтағы «Динамо» ДШСҚ ведомствоаралық спартакиадасы аясында бірінші орынды ІІМ қызметкері Олжас Шынкеев иеленді. 100 кг салмақта – ҚР ТЖМ қызметкері Қанат Өмірзақ, 90 кг салмақта – ҰҰ әскери қызметшісі Еламан Қойшыбаев, 82 келіде – ҰҰ әскери қызметшісі Мәди Амангелді, 74 келіде – ІІМ қызметкері Батырхан Қайырбек, 66 келіде – ҰҰ әскери қызметшісі Ержан Еренғайыпов ерекшеленді.

«Қазақ күресі – халқымыздың игілігі мен нышанына айналды, - деп атап өтті СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов. – Мұндай жарыстарға қатысу қызметкерлерімізді шынықтырып қана қоймай, жеке құрамның патриоттық тәрбиесіне де ықпал етеді. Екеуі де Қазақстан полициясы келбетінің маңызды құрамдас бөлігі».


📸 https://vk.cc/cnqu8V