СҚО полицейлері жас қайың мен көктеректі заңсыз кесу фактісін анықтады

СҚО полицейлері жас қайың мен көктеректі заңсыз кесу фактісін анықтады

Шал ақын ауданы полиция бөлімі табиғатты қорғау тобының қызметкерлері рейд барысында орман ішінде «Audi-80» автокөлігінің тіркемесіне жаңадан кесілген ағаштарды тиеп жатқан екі ер адамды байқап қалды. Олар 9 жас көктеректі және 6 жас қайыңды Жаңажол ауылына апаратын жолдағы бұрылыста орналасқан орман алқабында кесіп алған. Тексеру кезінде 52 жастағы жергілікті тұрғынның ағаштарды еш рұқсат қағаздарынсыз кесіп алғаны анықталды. Ер адамның айтуынша, оған құрылыс материалдары қажет болған. Ағаштардың орман қорына кіретіндігін және кесу үшін рұқсат алу керек екендігін ол білмеген. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-1-бабы «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бойынша материал жиналды.

«Айта кету қажет, ағаштарды заңды түрде кесіп алуға да болады, - дейді аудандық ПБ бастығы полиция подполковнигі Руслан Мұхамбетжанов. – Бұл үшін орман шаруашылығына жүгініп, орман қорына кіретін ағаштарды кесуге тиісті рұқсат қағазды алуға болады. Бұдан бөлек, табиғатқа 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын шығын келтірілген жағдайда ағаштарды заңсыз кесу үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Облыс тұрғындарынан табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз».

#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО #SQOPD #SQO_PD #Polisia #Полиция #Police #Polizei #policía #polizia