Петропавл қаласында карантин режимі кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күн сайын күштік құрылымдардың 540 қызметкері жұмылдырылады. Оның ішінде полицияның 140 қызметкері, Ұлттық ұланның 150 әскери қызметшісі мен Әскери институттың 250 курсанты тартылады. Жаяу жасақтар мен автопатрульдер көшелерді, қоғамдық орындарды бақылап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бейнебақылау камералары карантин кезіндегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы тиімді құрал болып табылады. СҚО ПД Штабы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бақытжан Әлібековтің айтуынша, Петропавлда 410 камера жұмыс істеуде. Олардағы бейне қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына келіп түседі. Орталық қызметкерлері патрульдік жасақтардың жұмысын реттеп, оларға болып жатқан оқиғаларды жеткізіп, заң бұзушылардың жүрген жерлері мен сырт бейнесі жайлы хабардар етіп отырады. Жыл басынан бейнебақылау камераларын қолдану арқылы тәртіп сақшылары қылмыстардың ашылуына септігін тигізген 345 фактіні анықтады. Сондай-ақ, 4899 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Патрульдік полиция қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, тұрғындар үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Күн сайын 15 автопатруль қаладағы тәртіпті қадағалайды. Карантин кезендегі сақтық шаралары туралы патрульдік автокөліктердің дауыс күшейткіш құрылғысының көмегімен мемлекеттік және орыс тілдерінде айтылады:
«Құрметті қала тұрғындары! 2020 жылғы 1 сәуірден бастап қалаға кіруге және шығуға тыйым салынады. Тұрғындарға тек қана дүкенге, дәріханаға, жұмысқа және үйге баруға рұқсат. Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналмау, 65 жастан асқан азаматтардың үйде болуы қажет. Балалар ата-аналарымен бірге жүруі қажет. Азық-түлік дүкендері және дәріханалар сол қалпы жұмыс істейді. Сауда үйлері және орталықтары, базарлар жабылады. Супермаркеттер сағатт 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғындарды осындай форматта ақпараттандыру жұмыстарын аудандардағы сақшылар да жүргізуде.
СҚО ПД баспасөз қызметі