Солтүстікқазақстандықтарға шектеу шаралары жағдайында қандай жауапкершілік көзделген

Солтүстікқазақстандықтарға шектеу шаралары жағдайында қандай жауапкершілік көзделген

Полиция қызметкерлері солтүстікқазақстандықтарды жаяу не көлікпен жүріп-тұруларын барынша шектеуге шақырады. Үйден тек қажет болған жағдайда – дүкенге, дәріханаға, жұмысқа және қоқыс шығаруға шыққан жөн. Аталған орындарға барған кезде 2 метрден кем емес арақашықты сақтау, сондай-ақ қоғамдық орындарда 3-тен аса адамның болуын шектеу қажет. Бұл талаптар Солтүстік Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысында көрсетілген. Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеу шараларын бұзғандарға қатысты әкімшілік ықпал ету шараларының қолданылатынын атап өтті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша ескерту, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыста кәмелетке толмағандарға ересектердің еріп жүруінсіз жүруіне тыйым салынды, сондай-ақ 65 жастан асқан адамдарға үйде оқшаулану режимін сақтау қажет. Сонымен қатар, солтүстікқазақстандықтарға шектеу шараларының енгізілуіне орай көрші, достары мен туған-туысқандарының, әріптестерінің келуін шектеген жөн. Тұрғындарды ақпараттандыру үшін полиция қызметкерлері мобильдік жылжымалы хабарлау құралдарын пайдалануда.

СҚО ПД баспасөз қызметі