Петропавл қаласына кіріп-шығуды шектейтін блок-бекеттер жұмысының алғашқы түнінде 800 астам автокөлік өтті. Полицейлер, ветеринария және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер кезекшілік атқарып жатқан алты бекет өз жұмысын 1 сәуірге қараған түннен бастады. Облыс орталығына кіретін барлық азаматтарды полиция қызметкерлері тіркейді, келу себептерін анықтайды. Санитарлық дәрігерлер дене қызуын өлшеп, азаматтардың хал-жайын сұрайды. «Осындай шектеу шаралары көліктер легін азайтуға бағытталған. Коронавирустық инфекцияның таралмауының алдын алуға бағытталған мәжбүрлі шараларға адамдар түсіністікпен қарауы қажет», - деп атап өтті СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Бекеттерде қызмет атқарып жатқан сақшылар айтып өткендей, енгізілген шектеулерге негізінен жүргізушілер түсіністік танытады екен. «Барлық іс-шараларды түсінеміз. Отбасыларымыз үйде, ал біз жұмыс істеп жүрміз», «Дәл қазір мен жұмысыма бара жатырмын. Әрине бұған түсіне қарап, тіркеуден өттім. Бұл – біздің қауіпсіздігіміз үшін. Бұл кесел көпке созылмайды деген сенімдемін», - дейді жүк көліктерінің жүргізушілері.
Естеріңізге салсақ, Солтүстік Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен облыс аумағында 1 сәуірден бастап шектеу шаралары енгізілді. Петропавл қаласы мен облыс аудандары арасында жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Азаматтардың өздерінің тұрғылықты мекенжайларына оралуына 2 сәуір сағат 00:00-ге дейін рұқсат беріледі.
СҚО ПД баспасөз қызметі