СҚО-да облыс орталығына кіріп-шығу шектеледі

СҚО-да облыс орталығына кіріп-шығу шектеледі

Солтүстік Қазақстан облысында блок-бекеттердің жұмысы басталмақ. 1 сәуір сағат 00:00-ден бастап Петропавл қаласының аумағында шектеу шаралары енгізіледі. Көлік санын азайту үшін облыс орталығына кіріп-шығу шектелетін болады. «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай режимінің енгізілуімен ішкі істер органдарына құқықтық тәртіпті сақтау мен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуды күшейту бойынша міндеттер жүктелді», - дейді СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев. – Бекеттерде құжаттар тексеріліп, қалаға келу немесе одан кету себептері анықталады. Осыған байланысты қажетті себептерсіз қалаға кірмеуге не болмаса шықпауға кеңес береміз. Азаматтар жеке бастарын куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруге міндетті».

1 сәуірден бастап облыс орталығынан аудандарға жолаушылар тасымалдаудың барлық түрлеріне тыйым салынды. Блок-бекеттерде полицейлермен бірге ветеринариялық және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің мамандары кезекшілік атқарады. Түнгі уақытта Петропавл қаласына кіріп-шығу тек қажетті тауарларды, азық-түлікті, дәрі-дәрмекті, медициналық бұйымдарды, жеке гигиена заттарын тасымалдайтын көлік құралдары мен транзиттік көліктер үшін рұқсат етіледі.

Полиция ведомствосының басшысы облыс аумағына рұқсатсыз кіру фактілері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатылатынын атап өтті. Полицейлер ТЖ режимі кезеңінде ерекше режимде жұмыс істеп жатқанын және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күреске бағытталған іс-шараларға тікелей қатысып жатқанын естеріңізге саламыз. Тәртіп сақшылары азаматтармен үй карантинін сақтауға қатысты бақылауды, науқас адамдармен қарым-қатынас жасаған адамдарды және бірінші санаттағы елдерден келгендерді іздестіруді, сондай-ақ провизорлық және карантиндік стационарға орналастырылғандарды күзетуді жүзеге асырады. Қала аумағын және қауіпті індет ошақтары шегіндегі тұрғын үйлерді күзету де полицейлерге жүктелген. Елді мекендерде тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын облыс бойынша 400-ден астам полицей қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылады. 127 маршрут қарастырылған, оның 68-і автопатруль, 59-ы патрульдеудің жаяу бағыты.

Атап өту қажет, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Наурыздың 19 мен 31 аралығында өткізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижелері бойынша төтенше жағдай режимін бұзудың 41 бұзушылығы анықталды. Мамандандырылған әкімшілік сотпен 32 мекеменің иесі жауапкершілікке тартылды. Олардың 22-сі қамауға алынды, 10-на айыппұл салынды. Қалған материалдар соттың қарауында.

Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы