Полицейлер үй карантинінде болған адамның ТЖ режимін бұзудың алғашқы жағдайын анықтады

Полицейлер үй карантинінде болған адамның ТЖ режимін бұзудың алғашқы жағдайын анықтады

СҚО Тайынша ауданында тұратын 36 жасар жеке кәсіпкер 14 наурыз Польшадан келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайда ол 14 күн бойы үй карантинінде болуға міндеттелемін деп қолхат жазған, алайда еліне келісімен өзінің сауда нүктесіне барған. Бұл туралы мәлім болған соң, Киров ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы аталған тұлғамен телефон арқылы төтенше жағдай режимін бұзудың жауапкершілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Ауыл тұрғыны карантин режимін сақтаймын деп сендіргенімен Тайынша қ. көпсалалы аудандық ауруханасына келіп, сырқат еместігіне, еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмейтін анықтама беруін талап еткен. Аурухана қызметкерлері кәсіпкерді Чкалов а. карантиндік ауруханаға салуға шешім қабылдайды. Ол 28 наурызға дейін ауруханада болды. Карантиннен шыққан соң, бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы 2-б. «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша хаттама толтырылды.

«Аталған тармақ бойынша белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетуге тыйым салынады, - дейді Тайынша ауданының ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Арғын Аманбаев. – Бұзушылық үшін ескерту немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Қазіргі кезде жиналған материал сотқа тапсыруға әзірленіп жатыр. ТЖ режимі талаптарына немқұрайлы қарау - адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін есте сақтаған жөн».

Бұл СҚО-да жеке тұлғаның ТЖ режимін бұзудың алғашқы жағдайы. Облыс полицейлерімен ҚР ӘҚБтК 476-бабы бойынша барлығы 39 хаттама толтырылды. Қалған фактілер сауда нүктелері мен ойын-сауық орындарының жұмысына байланысты болды.

Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметі