18 жасар қыз үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. 24 наурыз күні Петропавл қаласының тұрғыны полицияға өтініш жазды. Әйел қызының күндізгі сағат 12-лер шамасында шыққанын, үстінде қоңыр түсті курткасы, қара трикосы мен етігі болғанын айтты. Анасының сөзіне қарағанда, қыз қаланы дұрыс білмейтін көрінеді, себебі былтыр олар жазда Тараз қаласынан Петропавлға көшіп келген.
Із-түссіз жоғалған қызды іздестіруге Петропавл қаласы Полиция басқармасының жедел уәкілдері мен облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері тартылды. Одан басқа, Lider.kz еріктілер қозғалысының белсенділерінің көп көмегі тиді. Осы бірлескен күштің көмегімен жоғалған қыз 26 наурыз күні сағат 12.30-да аман-есен табылды. Қыз екі тәулік бойы қаланың орталық бөлігінде тұратын таныстарының үйінде болғаны анықталды. Нәтижесінде қыз екінші полиция бөліміне жеткізіліп, анасына тапсырылды.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше жыл басынан іс-түссіз жоғалғандарды іздестіру туралы 38 өтініш түскен. Олардың бәрі «ізін суытпай» табылды.
Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы