
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында Тайынша, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов және Жамбыл аудандарында алты карантин бекеті жұмысын бастады. Патрульдік полиция және көші-қон қызметінің қызметкерлері автокөлік құралдары, жүргізушілер және жолаушылар легіне бақылау жүргізеді.
«Короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу қажеттілігіне байланысты азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулықтарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған мәжбүрлі шаралар қабылдануда. Облыстық жедел штабтың тапсырмасы бойынша ашылған карантин бекеттерінде, бүгінде шепте пандемиямен күрес жүргізетін барлық қызметтердің іс-әрекетін үйлестіру шеңберінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірімізге кіретін азаматтар туралы мәліметтер базасы жүйеленуде», - деді СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Бекеттерде полицейлермен қатар медицина қызметкерлері де кезекшілік атқарады. Бұл жерде жүргізушілер мен жолаушыларға сауалнама жүргізіледі. Сауалнама жүргізудің басты мақсаты шығып жатқан азаматтардың байланыстарын және тұратын жерлерінің мекенжайларын білу.
«Аталған іс-шараларды өткізу кезінде полиция қызметкерлері медицина қызметкерлеріне толық көмек көрсетуі тиіс, әдеп сақтай отырып, аталған шаралардың қажеттілігі туралы сабырлықпен түсіндіруі қажет. Бұл жұмысқа түсіністікпен қараған барлық азаматтарға алғыс білдіреміз. Бірлескен жұмыстың тиімділігі көбіне халықтың өзін-өзі ұстай білуіне байланысты» - деді облыстық ведомство басшысы.
Бүгінгі күннің өзінде «Келлеровка» карантин бекеті арқылы 40 автокөлік құралы өтті.
Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы