СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері террористік тұрғыда осал объектілерді жиі тексеріп тұрады. Олар жыл басынан осындай 70 тексеру жүргізді. Ерекше назарда - медициналық және білім беру мекемелерінің, сауда үйлерінің және адам көп жүретін басқа да орындардың қауіпсіздігі.
Төрт жағдайда бірқатар өрескел бұзушылықтар анықталды. Мәселен, облыстағы оқу орындарының бірінде мекеменің төңірегі бейнебақылауға алынбаған, бейнежазбаларды сақтаудың арнайы ережелермен белгіленген мерзімі екі есе аз болып шыққан. Бұдан бөлек, персоналдың террористік қауіп кезіндегі әрекеттерге даярлығы төмен болған.
«Сын сағаттағы әрекеттерді жақсы білген жөн», - дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Спартак Қабденов. – Мәселен, жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны қабылдағанда тұтқаның арғы жағындағы адамды соңына дейін тыңдап, нақтылайтын сұрақтар қойған абзал. Өйткені бұл қоңырауды қабылдаған адам өз басшылығын барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс. Кейін жедел қызметтерге хабарлап, алғашқы эвакуация шараларын қолға алу керек...».
Өрескел бұзушылықтар анықталған 4 объектінің басшылары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабы «Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және (немесе) тиiсiнше орындамау» бойынша жауапкершілікке тартылды. Адамдардың қауіпсіздіктеріне мән бермеген тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Петропавл мен облыс аудандарында террористік тұрғыда осал объектілерде 32 кемшілік анықталды. Ұйымдардың басшылығына анықталған олқылықтарды жою бойынша ұйғарымдар жіберілді. Солтүстік Қазақстан облысында террористік тұрғыда осал 600 объекті бар. Олардың басшылары қауіпсіздікті реттейтін техникалық құралдармен қамтамасыз етуге міндетті. Адамдар көп жүретін орындар бейнебақылау жүйесімен бақылануы тиіс. Дағдарыс жағдайында адамдарды шұғыл түрде ақпараттандыратын жүйемен, күзеттік жарықтандырылумен және өрт-күзет дабылымен жарақталуы тиіс. Күзетілетін аймақтарда адамдарды өткізу режимі сақталуы қажет. Стратегиялық, аса маңызды және қауіпті өндіріс объектілеріне инженерлік-техникалық нығайтылу тұрғысында қосымша талаптар қойылады. Мекемелердің басшылары өздеріне қарасты объектілердің қауіпсіздігіне жыл сайын қаржыландыру бөлуді қарастыруы қажет.
Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы