Көші-қон қызметі: ТЖ байланысты жағдай тұрақталып, құжаттандыру бойынша жұмыс штаттық режимде жүргізілуде

Көші-қон қызметі: ТЖ байланысты жағдай тұрақталып, құжаттандыру бойынша жұмыс штаттық режимде жүргізілуде

СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасында құжаттандыру бойынша косымша жұмыс орындары іске қосылып, қызметкерлер күнделікті режимде жұмыс істеуде. Осыған дейін паспорт алу мақсатында ағылған облыс тұрғындарының легі айтарлықтай толастады. Бұдан бұрын хабарланғандай, уакытша орнатылған шектеулерге байланысты шекараны кесіп өту үшін ішкі құжаттар қажет болатын, сондықтан соңғы кезде паспорт алу мақсатында жүгінген адамдар саны күрт артқан. Паспортқа қарамастан, шекара кесіп өтуге шектеу қоятын төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін де адамдар аталған құжатты алу үшін жүгінулерін тоқтатпаған. Сәрсенбі күніне қарай құжаттандыруға қатысты жүгінгендердің саны азайды. Қосымша жұмыс орындарын іске қосу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты Көші-қон қызметі басқармасы және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен қабылданған жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталып, жұмыс штаттық режимге көшті.

"Аталған мемлекеттік қызметке бүгін түске дейін 120-дан астам жүгінді. Бұл күнделікті практика. Өтініштердің басым бөлігі мерзімнің өтуіне орай жеке тұлғаны куәландыратын құжаттарды ауыстыруымен байланысты болды",- атап өтті СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.

Осы орайда төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты көші-қон қызметінде көрсетілетін кейбір қызметтер уақытша тоқтатылды. Тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасынан тыс шығуға, сондай-ақ ҚР аумағына шетелдіктерді шақыруға құжаттар қабылданбайды. Бұл алыс шетелден келетін қонақтарға қатысты.

Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы