СҚО-да қару айналымын бақылау желісі бойынша 260 бұзушылық анықталды

СҚО-да қару айналымын бақылау желісі бойынша 260 бұзушылық анықталды

Қару жоғары қауіп көзі болғандықтан, азаматтық және қызметтік қару айналымы саласы Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Полицейлер азаматтық қару иелеріне кеңес беру бойынша жұмыс жүргізіп, "Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер базасы арқылы мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетеді . Жыл басынан аталған жұмыс желісі бойынша 1279 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осы орайда тәртіп сақшыларының негізгі міндеті- қаруды сатып алу және тіркеу қағидаларының сақталуын бақылау, сондай-ақ қару қолданумен жасалатын қылмыстарға жол бермеу.

...Петропавл қ. ПБ қызметкерлері облыс орталығының 60 жасар тұрғыны тарапынан қару сақтау тәртібін бұзу фактісін анықтады. Заңнамаға сәйкес қалалық жерде тұратын қару иелерінде электр қуаты арқылы және автономды режимде жұмыс істейтін екі түрлі дабыл жүйесі болуы тиіс. Қала тұрғынында электр көзі арқылы жұмыс істейтін дабыл қаққыш болмай шықты. Аталған бұзушылыққа байланысты үш қару алынып, ҚР ӘҚБтК 484-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Айыппұл төленіп, қаруды ары қарай пайдалану үшін техминимум алуға сынақ тапсырылғаннан кейін алынған қару иесіне қайтарылатын болады.

"Жыл басынан облыста лицензиялау-рұқсат беру жүйесі желісі бойынша 260 түрлі бұзушылық анықталды", - деді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.-"Оның ішінде қызметтік қаруды сатып алу, сақтау немесе тасымалдаудың 177 фактісі, азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу тәртібін бұзу, сондай қаруды заңсыз сатып алудың - 69, сату, тасымалдаудың 14 фактісі бар".

СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы полиция майоры Құрман Мусин кез-келген қару иесі барлык нұсқауларды, қаруды сақтау және сатып алу қағидаларын қатаң ұстануы тиіс екенін атап өтті. Аталған қағидалар "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау туралы" ҚР Заңында көрсетілген.

"Қару, оқ-дәрілер ерекше назарды талап етеді. Кез-келген қару иесі өзінің құқықтарымен қатар, міндеттерін де білуі тиіс. Мәселен, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қару сақталатын орынды көрсетуге, заңнамаға сәйкес қажетті құжаттарды ұсынуға міндетті",- деді полиция майоры Құрман Мусин.

Әкімшілік полиция басқармасында кеңес алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлінісіне немесе учаскелік полиция инспекторына жүгінуге болатынын атап өтті.

Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы