Қой ұрлағаны үшін солтүстікқазақстандық бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қой ұрлағаны үшін солтүстікқазақстандық бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 11-нен бастап мал ұрлығы үшін заңнамамен жауапкершілік қатаңдатылды. Мал ұстау ауыл тұрғындарының көпшілігі үшін жалғыз күнкөріс көзі болып табылады. Сондықтан заңның қатаңдатылуы тікелей осы қылмыс түріне бағытталған. Өйткені оларға айтарлықтай шығын келтіріледі. ҚР Қылмыстық кодексі «Мал ұрлау» 188-1 бабымен толықтырылды. Бұл бап 8 миллион теңгеге дейінгі көлемде айыппұл салуды немесе 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Бұрын мал ұрлаушылардың қылмыстық әрекеттері «Ұрлық» бабымен қаралатын еді.

Петерфельд ауылы тұрғынының екі қойын ұрлады деп күдіктелінген Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қызылжар ауданының полицейлері осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын істі болған қаскөйдің ізіне бейнекамералардың көмегімен түсті. «Күдікті ұсталды. Ұрланған мал алынып, иесіне қайтарылды. Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әлихан Байқадамов.

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында мал ұрлаудың 10 фактісі тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде 16 қылмыс жасалды.

Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы