Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 40 мың теңге көлемінде айыппұл төлемек. Ол короновирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болғаны туралы жалған ақпарат хабарлаған. Масаң күйдегі әйел «103» пультіне қоңырау шалып, дене қызуының жоғарылағанын және бірнеше күн бұрын оның үйінде қонақта Италия тұрғыны болып кеткенін хабарлаған. Алайда жергілікті дәрігерлер әйел көрсеткен елді мекенде мұндай жағдайдың болмағанын анықтады. Бұл факті туралы дәрігерлер полицияға хабарлады.
Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері осы ауданның басқа ауылында тұрып жатқан «әзілқой» әйелді анықтап, ұстады. Жалған есіммен хабарласқан әйелдің бойында ауру бегілері болмай шыққан, тіпті ешқандай шетелдік мейман да келмеген. Ауыл тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы «Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру» бойынша әкімшілік материал толтырылды.
«Өртке қарсы қызметті, полицияны, жедел медициналық көмек пен апаттық қызметтерді көрінеу жалған шақыру үшін әкімшілік заңнамамен 160 мың теңгеге дейінгі көлемде жауапкершілік қарастырылған», - деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы