«Артында өлім жасырынған жазбалар – есірткі сататын интернет-ресурстардың мекенжайлары...» дәл осы сөздермен СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен әзірленген бейнеролик басталды. Бейнероликте синтетикалық есірткі саудалайтын сайттар көрсетілген жазбалар, яғни есірткі граффити үшін көзделген жауапкершілік жайында айтылады.
Бұрын осындай «суретшілерді» абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартатын, енді ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан ҚР Қылмыстық кодексінің жаңа бабы 299-1 «Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» қолданысқа енгізілді. Бұл баппен есірткіні насихаттағаны, оны сатып алу орындары мен сатып алу тәсілдері туралы ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік көзделген. Есірткі граффити салғандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер жарнама адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; бірнеше рет; білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде; бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып; қызмет бабын пайдалана отырып жүзеге асырылса, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
«Полицейлер пәтер иелері кооперативтерімен өзара іс-қимыл жасай отыра, еріктілердің көмегімен есірткі граффитиді бояуға қатысты шаралар қабылдауда, - деді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев. – Өткен жылы - 437, қаңтар айының басынан – 93 жазба боялды. Жаңа жазбалар туралы мәліметтердің бір бөлігі 8-707-500-96-65 «WhatsApp» мессенджеріндегі «СҚО есірткіге қарсы» чаты арқылы белгілі болды, аталған чатқа бейжай қарамайтын қала тұрғындары мекенжайды көрсете отырып, есірткі граффити суреттерін жолдайды. Жазаны қатаңдатқалы жаңа жазбалар саны айтарлықтай азайды. Дей тұрғанымен, олар қайтадан салынып жатады, осы орайда біз жауапкершілік туралы ескертеміз».
Есірткі саудалайтындар сайттарын жарнамалағандарға көп жағдайда есірткі дозасымен төлейді, бірақ бастапқы кезде еліктіру мақсатында олар жаңа көмекшілеріне ақша беріп отырады. «Оңай олжа» жастарды әлі де тартуда. Жауапкершіліктен қашып құтылу мүмкін еместігін ұғындыру мақсатында тәртіп сақшылары әлеуметтік желіде жаңа ролик орналастырды. Есірткі таратудың жаңа түрлеріне қарсы күрестің қиын болуына қарамастан, тек ағымдағы жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлердің материалдары бойынша 12 веб-ресурс бұғатталды, тыйым салынған заттарды сататын 2 интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылып, ұйымдастырушылары қамауға алынды.
СҚО ПД баспасөз қызметі