Криминалистердің жұмысын бәрі бірдей біле бермейді. Олардың көздеген мақсаты – қылмыскердің іздерін тауып, егжей-тегжейлі зерттеу. СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасы бөліністерінің қызметкерлері жыл басынан 2,5 мың зерттеу жүргізді. Аса маңызды бағыттардың бірі – трасология, яғни шина, аяқ киім, қол іздерімен жұмыс жүргізу. Кей-кезде ерекше іздер де кездесіп жатады.
Ақпан айында орын алған пәтер ұрлығын тергеу кезінде криминалистер саусақ іздерін 24 таспаға түсіріп алып, егжей-тегжейлі зерттеу жүргізе келе, саусақ іздері пәтер иелеріне және олардың қонақтарына тиесілі екенін анықтады. Дей тұрғанымен, криминалист полиция аға лейтенанты Азамат Қоқышевтың кәсібилігі арқасында папиллярлық сызық болмайтын дене мүшелерінің іздерін табу мүмкін болды. Табылған іздерді салыстыра келе, із элементтерінің көлемі мен орналасуы сәйкес келіп, із 1977 жылы туған елорда тұрғынына тиесілі болып шықты. Тергеу мүддесіне байланысты бұл ерекше криминалистикалық зерттеудің толық мән-жайы жариялауға жатпайды. Осы орайда күдіктілердің тағы бір пәтер ұрлығына қатысы белгілі болды. Екі қылмыс бойынша жалпы шығын көлемі 1,5 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп, олардың басқа эпизодтарға қатысы тексерілуде.
«Жалпы жыл басынан СҚО криминалистері «Папилон» ақпараттық жүйесіне 278 қылмыс орнынан алынған 1295 қол ізін енгізді, - атап өтті СҚО Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция полковнигі Игорь Семенов. – Дактоесеп 94 қылмысты ашуға септігін тигізді, оның ішінде 56 ұрлық бар, 9-ы пәтер ұрлығы».
Ағымдағы жылдың қаңтар айынан жедел-криминалистикалық басқармасының бөліністері 621 қылмыс орнын тексерді. Қажетті сараптамаларды жүргізу мақсатында екі жылжымалы криминалистикалық зертхана оқиға орнына 32 рет шықты.
Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы