Петропавлдағы тыныштықты бұзулардың басым бөлігі жалға берілетін пәтерлерде орын алады

Петропавлдағы тыныштықты бұзулардың басым бөлігі  жалға берілетін пәтерлерде орын алады

Жалға берілген пәтерлердегі тыныштықты бұзу – түнгі уақытта полицейлерге жиі шақырту келіп түсетін себептердің бірі. Көбіне ішімдікпен болатын басқосуларға, көңілді отырыстарға тәуліктік жалға берілетін пәтерлерді алады. Оларға қиын жұмыс күнінен кейін демалғысы келетін көршілері, балалар мен қарттардың тыныштығы маңызды емес. Кейде бойына тараған алкоголь бұзақылардың полицейлермен дауласуына әкеп соғады. Мәселен, Петропавлда қараша айында учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері С.Мұқанов көшесі бойындағы үйлердің бірінің тұрғындарынан шақырту алды. Жалдамалы пәтерде 30 жас шамасындағы ер адамдар мен әйелдер тобы музыканы барына қойып, қатты сөйлескен. Полицейлерге бағынбаған екі ер адамға арнайы құралдарды қолдануға тура келген. Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағандары үшін оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

«Сондай-ақ, тыныштықты бұзғандары үшін жауапкершілікке тартылды, - деп толықтырды Петропавл қ. ЖПҚ бөлімінің бастығы полиция майоры Рустам Садулов. – Жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуға заңмен тыйым салынатынын еске саламыз. Бұзақыларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Тыныштықты бұзу фактісі жалға берілген пәтерде орын алса, бұзақылар тез арада пәтерден шығарылады. Мұндай фактілер жалға берілетін пәтерлерде жиі болып жатады. Жыл басынан облыс орталығында 2006 тыныштықты бұзу тіркелді, оның 1043-і жалдамалы пәтерлерде. Тыныштыққа кедергі келтіретін жағдайларға жол бермеу үшін пәтер бюроларының әкімшілерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі».

#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #Polisia #Полиция #Police #SQOPD #SQO_PD #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО