СҚО-да жыл басынан 68 интернет-алаяқтық тіркелді

СҚО-да жыл басынан 68 интернет-алаяқтық тіркелді

Қаскөйлердің сенгіш адамдарды алдайтын алаяқтық схемалары түрленуде. Соңғы уақытта интернет арқылы алаяқтарға алданғандардың қатарында солтүстікқазақстандықтар да бар. Петропавл қаласының тұрғынын бұрынғы әріптесі алдап кеткен. 23 жастағы петропавлдық несиеге жиһаз ресімдеп жатқанда өзінің мойнында төленбеген онлайн-несиенің бар екенін естіп жағасын ұстаған. Банк жүйесінде жұмыс істеп келе жатқан жәбірленуші өзінің атына үш ай бұрын 225 мың теңге көлемінде қарыз алынғанын білмеген. Мұны естіген қала тұрғыны дереу полицияға хабарласты.

Алаяқтық жасады деген күдікпен Уәлиханов ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, жас жігіт бұрынғы әріптесінің жеке мәліметтерін пайдаланып, онлайн-несие ресімдепті. Бұл үшін әріптесінің жеке куәлігінде көрсетілген мәліметтер мен банктік картасындағы нөмір жеткілікті болған. Алаяқ бұрынғы әріптесіне хабарласып, өз картасының бұғатталып қалғанын және оған шұғыл түрде туыстарынан ақша аударымы келуі тиіс екенін айтады. Осылайша ол танысының банктік картасының нөмірін біліп алады. Әккі әріптесіне сеніп қалған жәбірленуші картаға түскен ақшаны танысына еш күдіксіз аударып жібереді. Бұл оның атына ресімделген онлайн-қарыз еді. Осыған ұқсас жағдай басқа солтүстікқазақстандықтың да басынан өтті. Күдікті оның атына 190 мың теңге ресімдеген.

«Онлайн-несие еш қиындықсыз оңай ресімделеді. Көп құжаттың қажеті жоқ» – қаржылық мәселелерін оңай әрі жылдам шешкісі келетін қазақстандықтарды шағын несие ұйымдарының осындай сөздері бірден баурап алады. «Қарыз алушының тек сауалнаманы толтырып, телефон арқылы бірнеше сұраққа жауап беруі жеткілікті», – Интернет арқылы несие ресімдеудің осындай жеңіл жүйесі арқылы алаяқтар азаматтарды алдап соғып, ақшаға қол жеткізеді. СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов айтып өткендей, жыл басынан облыста 68 интернет-алаяқтық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе көп. Полицейлерді алаяқтық жолымен онлайн-несиелеу фактілері алаңдатады. Жыл басынан мұндай 24 факті тіркеліпті. «Қандай жағдай болмасын жеке мәліметтерді немесе құпия ақпаратты: банк картасының пин кодын, шот нөмірін, әлеуметтік желілердегі парақшаның логині мен паролін, банкомат картасының екінші жағында жазылған CVV2/CVC2-кодты ешқашан ешкімге айтпау қажет. OLX, Kolesa.kz, Instagram сайттарында хабарландыруларды мұқият тексерген дұрыс, растайтын құжаттар болса да алдын ала төлем жібермеу қажет», – дейді жедел уәкілдер. Сондай-ақ, олар Интернет желісінде тауарларды сатып алған кезде сатушыдан тауар көрсетілген бейнежазбаны талап етіп, басқа да қолданушылардың пікірлерін бақылап отыруға кеңес береді.

Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы