Тұрғындармен орнатылған кері байланыс бүгінгі таңдағы замануи ресурстар арқылы кең қолдау табуда. Адамдардың полиция жұмысына қатысты ұсыныстары мен пікірлерін еркін әрі жылдам айтуларына мүмкіндік туды. Тек жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері азаматтардың мыңнан астам арыздары мен өтініштерін қарады. Олардың басым бөлігі цифрлық технологиялардың көмегімен жолданды. Бірқатар хаттардың полиция бөліністерінің басшылығына пошта арқылы да келгенін айта кету қажет.
Зейнеткер әжей мүлкін қайтаруға көмектескен тергеу бөліністері қызметкерлерінің жұмысы үшін СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевқа алғысын айтты. Ол 2017 жылы танысына сеніп, баспанасыз қалған. Соның салдарынан екі жылдан астам уақыт бойы жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Басқа танысы оның осы жағдайын пайдаланып, құны 500 мың теңгеден асатын тоңазытқышын иемденіп алған. Өткен жылдың соңында жәбірленуші әйел мен оның ұлы уәкілетті органдар арқылы меншік құқығын дәлелдеп, өз баспаналарына оралды. Олар тұрмыстық техниканы қайтару үшін тағы бір мәрте полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді. «Полиция полковнигі Еңбек Ғаббасұлы Сембинге, полиция капитаны Гүлмира Тілегенқызы Сағитоваға, полиция лейтенанты Атажан Санжарға тоңазытқышқа қатысты істі тергеуде және оны қайтаруға көмектескені үшін алғысымды айтамын», - дейді 67 жастағы зейнеткер.
Полиция ведомствосының бастығына жүгінген петропавлдық басқа зейнеткер № 1 аумақтық полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторларының жұмысына риза болғаны туралы жазыпты. Инспекторлар отбасылық даудың басын шешіп, татулық орнатуға көмектескен. «Учаскелік инспектор Азат Кенжеболатов 10 күн бойы біздің мәселенің басы-қасында болды. Ол түрлі құжаттарды, анықтамаларды жинап, әңгімелесулер жүргізді. Бастан-аяқ олардың жұмысын бақыладым. Өз көзіммен көрмейінше, олардың жұмысының осыншама қиын екенін білмеппін. Оларға әр түрлі мәселелерімен көп адам жүгінеді. Полиция қызметкерлері біріне кеңес берсе, енді біріне дұрыс жол көрсетеді. Азаттың жасы менен әлдеқайда кіші болса да, оның айтқанына құлақ түріп, татуласуға ниет білдірдім», - деп жазған петропавлдық өз хатында. Зейнеткер аумақтық полиция пунктінің барлық учаскелік инспекторларына алғысын білдірді.
«Алғысқа толы осындай сөздер сақшыларды қызметті ерекше ұмтылыспен атқаруға итермелейді. Алтын уақыттарын бөліп, полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы үшін алғыстарын айтатын адамдарға біз де алғысымызды айтамыз», - дейді СҚО ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция полковнигі Наталья Калинина.
СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі