
Облыстық әкімшілік полиция бөліністерінің қызметкерлері көктем келісімен жол желісінің жағдайын бақылауды күшейтті. Жолдарды тексеру жұмыстары күн сайын жүргізіледі. «Бүгінгі таңда басты міндет – су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық аясында жиналып қалған қарды шығару», - дейді СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев. – Қардың уақтылы шығарылмауы көліктердің жүруіне арналған аумақтың тарылуына, терең іздердің қалыптасуына алып келеді. Бұл жол-көлік апатттарының болу қаупін арттырады». Бұдан бөлек, елді мекендерден шығарылмаған қар тасқын су кезінде жағдайды тіптен ушықтырып жіберуі мүмкін.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Әкімшілік полиция басқармасына жол қызметтерімен бірлесіп жұмыс жүргізу тапсырылды. СҚО Полиция департаментінің бастығы аумақтық бөліністердің жеке құрамын жол қызметтерімен, жергілікті атқарушы билікпен, төтенше жағдай бөлімдерімен күш біріктіруге, сондай-ақ шағын көпірлерді, жолдарды, су өткізгіш құбырларды қар мен мұздан тазартуға бағыттады. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Су өткізуші құбырлар тазартылуда. Бүгінгі күнге дейін республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан 582 құбырдың 77-сі тазартылды.
Екі айдың ішінде тәртіп сақшылары жолдарда 207 тексеру жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша 209 кемшілік анықталды. Жергілікті атқарушы органдар мен жол ұйымдарына орындалуды талап ететін 220 ұйғарым жолданды. Жолдардағы түрлі учаскелерді тиісті түрде тазаламағаны үшін лауазымды тұлғаларға қатысты 56 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың 5-уі – ұйғарымдарды орындамау бойынша. Жауапкершілікке тартылғандардың арасындағы 9 мердігер ұйымның басшылары мен орындаушылары Петропавл аумағында.
Жол және техникалық инспекциялардың аудандық бөліністердегі жұмысына тұрақты түрде талдау жүргізіліп тұрады. Ұйғарымдардың орындалуын бақылау бойынша жұмыстар да ұйымдастырылады.
Нұрбек Баекин, СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы