
Полиция қызметкерлері Халықаралық әйелдер күнімен әріптес аруларын, ішкі істер органдадарында қызмет атқарып, кейін зейнетке шыққан аға буынды мерекемен құттықтайды.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі Варига Әбілмәжінованы әйелдер мерекесімен құттықтады. Варига Шәймерденқызы жары – Насыр Әбілмәжінұлы Әбілмәжінов – майдангер, соғыстан кейінгі жылдары солтүстікқазақстандық милиция қатарында қызмет атқарып, Возвышен аудандық ішкі істер бөліміне жетекшілік еткен. Насыр Әбілмәжінұлы 30 жыл бұрын дүние салды. Ал оның әріптестері күні бүгінге дейін оның жұбайы Варига Шәймерденқызына қолдау көрсетіп, келіп тұрады. Міне жәл осы жолы да Марат Төлебаев, орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевпен, облыстық және қалалық полиция бөліністеріндегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары Сұраған Көпеевпен, Серғали Жұмағұловпен бірге қарт әжейді халықаралық әйелдер күні мейрамымен және туған күнімен құттықтады. Наурыздың 10-ы күні Варига Шәймерденқызы 90 жасқа келеді. Облыстық полиция басшысы зейнеткерге гүл мен сыйлығын табыс етіп, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Ал жуырда полиция арулары мен ішкі істер органдарының әйел ардагерлерін облыстағы ірі полиция бөлінісі – Петропавл қаласының Полиция басқармасында құттықтады. Қылмыспен күресте, қоғамдық қауіпсіздікті және тұрғындармен өзара байланысты қамтамасыз етуде алғы шепте жүрген қызметкерлердің бірі – қалалық тәртіп сақшылары. Ерлермен бірге 209 әйел қызмет атқарып келеді. Олардың 131-і – офицер, 12-сі – сержант, 15-і – мемлекеттік қызметкерлер, 51-і – ерікті құрам. Көктемнің шуақты мерекесімен оларды қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Мұқатов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғали Жұмағұлов құттықтады.
Мерекелік жиын Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының әртістері, Ұлттық ұлан Әскери институтындағы шығармашылық ұжымның өкілдері, сондай-ақ, петропавлдық полицейлердің өздері дайындаған концертпен аяқталды.
Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметі