Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 37 нәзік жанды полиция қызметкері марапатталды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 37 нәзік жанды полиция қызметкері марапатталды

8 Наурыз қарсаңында солтүстікқазақстандық полицейлер өздерінің нәзік жанды әріптестері мен ардагер әйелдерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев жеке құрам алдында сөз сөйлей отыра, көпжылдық тәжірибенің тәулік бойы полиция қызметінде әйел адамның алатын орны ерекше екендігіне тоқтала кетті. Облыстың бас полицейі азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтай әрі қорғай отыра, қылмысқа қарсы күресуде жалпы атқарып жатқан іске әйелдер баға жетпес үлес қосатынын атап өтті. «Көпбалалы аналарға, ардагер әйелдерге, тыл еңбеккерлеріне, барлық қызметкерлерге қызметте жеткен жарқын жетістіктеріңіз үшін алғыс білдіремін. Қымбатты әйелдер қауымы, осы айтулы күні Сіздерге шын жүректен мықты денсаулық, сүйіспеншілік, бақыт, отбасының амандығын, барлық арман-тілектеріңіздің орындалуын, еңбек пен қызметте жетістіктер, көктемнің жайма шуақ күніндей көтеріңкі көңіл-күй тілеймін!»

Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен, естелік медальдармен, төс белгілермен марапатталған 37 әйел қызметкерге әріптестері ду қол шапалақтап құрмет көрсетті. Алты қызға кезекті арнаулы атақтары табыс етілді: төртеуі «полиция майоры» атағын иеленсе, екеуі «полиция лейтенанты» погонын иықтарына тақты. «Қолдаушы», «Ерен еңбегі және қосқан үлесі үшін» естелік медальдарымен, СҚО ПД алғыс хаты және грамотасымен ішкі органдарының алты әйел ардагері марапатталды.

Салтанатты іс-шара облыстық полиция ведомствосындағы Мәдени орталықтың погон таққан әртістері дайындаған әсерлі концерттік бағдарламамен аяқталды.

СҚО полиция қатарында 494 нәзік жандылар қызмет етеді. 363 – офицер мен сержант, 81 – әкімшілік мемлекеттік қызметші, 50 еңбек шарты бойынша жұмыс істейді. Облыстық полиция аппаратында 6 әйел азамат дербес бөліністі басқарады, оның 3-уі «полиция полковнигі» атағында.

Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметі