
Бұзушылықтарды автоматты тіркейтін бейнебақылау жүйелері – жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылаудағы тиімді құрал болып табылады. Автоматты жүйе жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жол үстінде жүргізушілердің тәртібін арттыруға мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан облысында 16 қарашадан бастап «интеллектуалдық» бейнежүйе іске қосылды. Алғашқы күннен-ақ жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Бұның көмегімен көлік айдап әкету фактісі жылдам ашылды.
Аудан орталығы Бескөл ауылының тұрғыны түс кезінде көп қабатты үйдің ауласынан өзінің «Audi-80» автокөлігі жоғалғаны туралы полицияға арызданған. Ол көліктің кілтін көлік салонында ұмытып кеткен екен. Көп ұзамай автоматты бейнекамералар жоғалған көліктің Петропавл көшелерінде жүргенін байқады. Көліктің жүріп өткен жолын анықтаған ауысым кезекшілерінің және патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің кәсіби әрекеттері нәтижесінде көлік қала супермаркеттерінің бірінің жанында тоқтаған кезде күдіктілер ұсталды. Күдіктілер 35 жастағы бескөлдік және оның облыс орталығында тұратын 22 жастағы туысы болып шықты. Екеуі де алкогольдік масаң күйде болған және оларда жүргізуші куәлігі болмаған. Автокөлікті құқыққа сыйымсыз иемдену фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша енгізілді.
«Бүгінде СҚО аумағында Жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын автоматты тіркейтін 35 бейнебақылау жүйесі жұмыс істеуде, - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов. – Жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдауды ескере отыра, автоматты жүйелер көше-жол желісіндегі апатты-қауіпті аймақтарда орнатылды. Кешендер жылдамдық режимінің, көше қиылыстарынан өту ережелерінің бұзушылықтарын анықтауға бағытталған. 11 айда Жол жүрісі қағидаларының 6 мыңнан астам түрлі бұзушылықтары анықталды».
#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #Polisia #Полиция #Police #SQOPD #SQO_PD #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО