
Қарашаның 21-і мен 27-сі аралығында, бір апта бойы күн сайын 400-ден астам полиция қызметкері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Облыста «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Сақшылар жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау үшін қала сыртындағы жолдар мен елді мекендердің көшелерінде тәртіпті қамтамасыз етті. Ең қауіпті бұзушылықтардың бірі – көлікті мас күйде басқару.
Петропавл сыртындағы айналма жолда тоқтатылған «Mitsubishi» автокөлігінің 47 жастағы жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Полиция қызметкерлерімен сөйлескенде шайқалақтап бір орында тұра алмаған. Медициналық куәландыру оның мас екенін көрсетті.
«Іс-шара өткен уақытта көлікті мас күйде жүргізген 27 жүргізуші анықталды. Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан облыста мас жүргізушілердің кінәсінен 6 адам қаза тауып, 23 адам жарақаттар алды. Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жылдамдықты асырудың – 174 , бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтудің – 18, апатты жағдай жасаудың – 15 дерегі анықталды. Осы бұзушылықтардың әрқайсысы ауыр зардаптармен болатын жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Ең жиі кездесетіні – жаяу жүргіншілердің жолдың рұқсат етілмеген жерінен өтуі, мұндай 345 бұзушылық тіркелді», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.
Облыста бір аптада барлығы 3 мыңнан астам түрлі құқық бұзушылықтар анықталды.
#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #Polisia #Полиция #Police #SQOPD #SQO_PD #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО