Солтүстікқазақстандық полицияда қызмет ететін нәзік жанды сақшылардың балалары аналарының жұмыс орнына барды. Бұл ерекше іс-шараны СҚО Полиция департаментінің Әйелдер кеңесі 8 наурыз қарсаңында ұйымдастырды. Танымды экскурсияға бүлдіршіндермен бірге қазақ мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары да қатысты.
«Әйел полицейлер ер адамдармен бірдей қызмет жүгін абыроймен арқалап, кешке дейін тынымсыз еңбек етеді,- деді Әйелдер кеңесінің мүшесі, Департаменттегі психологиялық қызметтің аға инспекторы полиция подполковнигі Айгүл Шоланова. - Бұл акция арқылы аналарға жұмыс кезінде бір сағат болсын балаларымен бірге болу мүмкіндігін сыйладық, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосып, балаларға полиция жұмысы туралы айтып бергіміз келді. Қатысушылардың көңілінен шығу үшін іс-шараны СҚО Полиция департаменті музейінде ұйымдастырдық. Тек осы жерде құқық қорғау органдары жұмысының қыр-сырын танып білуге болады».
Экскурсия барлығының көңілінен шықты. СҚО Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инспекторы полиция майоры Айгүл Сәбитованың алты жасар қызы кішкентай Айзере Сәбит үшін жәдігерлерге қатысты кейбір ақпарат түсініксіз болғанымен, бүлдіршінді милиционерлердің нысанды киімі (ПД музейінде тәртіп сақшылары киген нысанды киімнің тарихы көрсетілген) және ұмыт болған патефонның үні қызықтырды. Дей тұрғанымен, Ақпараттандыру және байланыс басқармасының жұмысына арналған стенд Айзереге ерекше ұнады, бүлдіршін стендтен анасының суреттерін тауып алып, мақтанышпен көрсетті.
Музей қызметкерлері полиция қызметінің бүгінгі таңдағы жұмысы туралы айтып берді. Экскурсия соңында Любовь Андреевна жоғары сыныптағы балаларға ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі туралы жеткізді.
«Экскурсия жан-жақты болды, - деді мектеп-гимназиясының әлеуметтік педагогі Әлия Аблина. – Жерлес тәртіп сақшыларының ерлігі оқушылардың жүректерін елжіретіп, көкейлеріне полицей мамандығын таңдауға қатысты ой салды».
Балалар Любовь Осинскаяны келе жатқан мерекемен құттықтап, гүл шоғын табыс етті және қызықты әңгіме үшін алғыстарын айтты. Полицейлердің кішкентай қонақтарына да тосын сый жасалып, тәтті сыйлықтар табысталды. Айгүл Шоланова аналарымен бірге күлімдеп тараған балалардың көздеріндегі қуаныш ұшқындары акцияның ойдағыдай өткенін білдіретінін атап өтті.
Динара Сағындықова, СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы