Полицейлер көктемнің алғашқы күндері балалар үйінің тәрибеленушілеріне барып қайтты

Полицейлер көктемнің алғашқы күндері балалар үйінің тәрибеленушілеріне барып қайтты

Солтүстікқазақстандық полицейлер көктемгі қайырымдылық іс-шараларын жалғастыруда. Тәртіп сақшылары «Жылулық сыйла» ұранымен облыстың әр ауданында көп балалы отбасыларға, ардагерлерге, балалар үйінің тәрибеленушілеріне барып, көмек көрсетуде.

Облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының тәрибеленушілеріне келді. Сақшылар құр қол келмей, жол белгілері салынған торт, түрлі ойыншықтар, сабын көпіршігі шоуын ұйымдастырып, аниматорларды шақырды. СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев айтып өткендей, балалар да, ұстаздар да кездесуге риза болды. Кездесу соңында тәрбиеленушілердің барлығы полицейлерге Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға уәде берді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Карьерный 1-ші тұйық көшесі мекенжайында тұратын отбасыға барып қайтты. Бұл отбасыда алты бала тәрбиеленуде. Үлкені колледжде оқыса, ең кішкентайы үш жаста. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Александр Розбах пен аға инспектор полиция майоры Сайран Сәркенов әкелген азық-түліктерін табыс етті. Олар балақайлармен әңгімелесіп, байланыс нөмірлерімен алмасты.

Қаланың шеткері аудандарында тұрып жатқан көп балалы отбасыларға Әкімшілік полиция басқармасының және Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері барды. Олар да азық-түлікпен қамтамасыз етіп, байланыс нөмірлерін жазып берді. Осындай жұмыстар барлық 13 полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілуде. Мәселен, Қызылжар ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды алып, Бескөл ауылындағы Гагарин көшесінде жалға алынған үйде тұрып жатқан отбасыға барды. Отбасы мүшелерінің баспанасы өртеніп кетіп, қиын материалдық жағдайға тап болған.

Халықпен тығыз жұмыс істейтіндіктен тәртіп сақшылары кей сәттері қолдаудың аса қажет екенін жақсы біледі. Сыйлықтар беру, көңіл бөлу, жылы сөздер айту балаларға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Полиция департаменті басшылығының тапсырмасы бойынша солтүстікқазақстандық полицейлер жыл сайынғы дәстүрмен наурыз айын қайырымдылық іс-шараларымен өткізеді.

Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметі