
Петропавл полицейлері «Котел» ойынына ақша салумен байланысты алаяқтық фактісі бойынша екі қылмыстық істі тергеуде. Қалалық полицияға шүбә туғызатын ойын қатысушыларын жинаған WhatsApp тобына кіріп, 14 300 теңгеден ақша салған әйелдерден өтініштер келіп түсті. 60 жасар қала тұрғыны тез арада өзінің салған ақшасын үстемелеп қайтарып алуға үміттеніп, шартпен келіскендігін айтты.
Ақпанда Қазақстан бойы «Котел» немесе «Черная касса» ойындарына қатысуға шақыру туралы мессенджерлерде хабарламалар көптеп тарағандығын естеріңізге саламыз. Оның мәнісі келесідей, 14 300 теңге салып ойынға кіріп, кейін осынша сома салатын тағы екі ойыншы ертіп келу қажет.
Алайда, арызданушының сөзінше, ойынға шақырған топтың әкімгері өзіне қажетті соманы жинап алып, топтан шығып кеткен, қалған қатысушылар уәделескен ақшасын қайтара алмаған. Көкшетау қаласының тұғыны да дәл осындай жағдайды айтып, Петропавлдық бойжеткенге арызданған. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК «Алаяқтық» 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі кезде тергеу әрекеттері жүргізілуде.
«Қандай да бір ойынға қатысуға, күмәнды мәміле шарттарына келіспес бұрын бұндай ақша салымдарының қауіпті екендігін түсіну қажет. Көбі жеңіл табыс табамын деп, осындай құйтырқы ұсыныстарға тап болып жатады. Ақшадан айырылып қана қоймай, күдікті болып қалу оңай екендігін есте сақтаған жөн. Уәкілетті органның қызметкерлері түсіндіріп кеткендей, кезекті салымшылардың төлемі есебінен салымшыға табыс төлеу, кәсіпкерлік қызметтің болмауы – қаржы пирамидасының белгілері», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембин. Әдетте, кім алғашқы болып кірсе, сол ақшасын алып үлгереді. Қалғандарының салған ақшаларысыз қалу қаупі бар. Алайда, соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, оңай олжа тапқысы келетіндер қаржы пирамидасына ілігіп жатады.
Полицейлер осы сияқты ұсыныстарға мұқият болған жөн деп кеңес береді.
СҚО ПД баспасөз қызметі