
Жексенбі 1 наурыз күні екі түркістандық жігіт Еркебұлан Дүйсенбай және Мақсат Рүстенов «Lada Priora» автомобилімен Омбы қаласынан үйлеріне қарай шыққан жолда, яғни Ғ. Мүсірепов атындағы аудандағы «Жезқазған-Петропавл» жолының 593 шақырымында электронды карталарға сеніп, жол таба алмай, қалың қарға тап болған. Танымал интернет-сервис екінші жолдың барын көрсетпеген. Жігіттер қатып қалған қарға тізелеріне дейін кіріп кетеді, әрекеттерінен ештене шықпаған соң, «112» арнасына қоңырау шалады. Хабарлама бірден СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Жанболат Нағұманов пен Дидар Дүйселековке келіп түседі. Олар сағат 20.00-ден кейін басталатын кезекшілікке шықпақшы болады, алайда, аталған жағдай туралы естіп, шұғыл жолға шығып кетеді. Құтқару операциясына Ломоносов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Азамат Сыздықов та қосылады. Бір жарым сағат бойы ойдым-ойдым жолмен жүріп өткен полицейлер екі облыс шекарасында алауды көреді, осылайша адасып кеткен жүргізушілер өздерінің тұрған орнын белгілеген.
«Патрульдік автокөлікпен «Ладаны» шығару мүмкін емес», - деді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары полиция капитаны Уәлихан Оразалин. – Сондықтан сақшылар «Дружба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүгінді. Көмекке келген «УАЗ» көлігі де «Ладаны» сүйреп тартпақ болған кезде қалың қардан шыға алмай қалады. ЖШС директоры Қабиден Үсенов көмекке «John Dir» тракторын жібереді, нәтижесінде екі автокөлік те жолға шығарылды. СҚО аграрийлері полицейлерге жәрдемдесу мақсатында, қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсету үшін техниканы бұған дейін де ұсынған болатын».
Түркістандықтардың сапарының солтүстік өңірдегі жолы бір тәулікке жақын уақытқа созылды. Патрульдік полицейлер оларды Тоқсан би ауылына дейін жеткізіп салған кезде дүйсенбінің таңы атқан еді. Сақшылар жігіттерге жол көрсетіп, жол үстіндегі қызметтеріне оралды. Мақсат пен Еркебұлан Рузаевкадан өткен соң полицейлерге хабарласып, алғыстарын тағы бір мәрте айтты.
Жексенбі күні тағы бір жүргізуші Қостанай қаласының тумасы Борис Абросимов та полиция қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдірді. «Нұр-Сұлтан-Петропавл» тас жолының 341 шақырымында оның «Mercedes» жүк көлігінен ақау шыққан. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция кіші лейтенанттары Дмитрий Кравченко мен Асхат Камалиев сол маңнан өтіп бара жатқан. Олар жүргізушіні көріп, жөн сұрасып, оны жақын жердегі қосалқы бөлшектер сататын дүкенге апарып, көлікті жөндеуге көмектесті. «558 нөмірлі Лада веста» экипажына ерекше ризамын. Адамгершілігі мол осындай қызметкерлер көп болсын», - дейді Борис Аркадьевич жіберген аудиохабарламасында.
СҚО ПД баспасөз қызметі