«Азаматтардың сеніміне қалай кіруге болады және полиция қызметкерлерінің жұмысын қалай жақсартуға болады? Құқықтық тәртіп қызметкерлері тәрбиесінің негізінде не жатыр»? – осы жайлы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының базасында өткен оқу-әдістемелік жиынында сөз қозғалды. Үш күн ішінде еліміздің барлық өңірлерінен келген ішкі істер органдарының кадр бөліністерінің бастықтары тәжірибелерімен алмасып, жеке құрам қызметін ұйымдастырудағы жаңа тәсілді және басқа елдердегі кадр аппаратының жұмыс тәжірибесін зерделеді. Іс-шараны ұйымдастыруға ҚР Ұлттық ұланының басшылығы зор көмек көрсетті.
Ішкі істер министрлігі адамгершілік-патриоттыққа тәрбиелеу арқылы кәсіби негізді нығайтуға ерекше көңіл бөліп отыр. Еліміз үшін маңызды оқиғалардың мерейтойлары полиция бөліністерінің назарынан тыс қалмайды. Оқу-әдістемелік жиынның басшысы, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің ғылыми қызметкері, запастағы полковник Болат Каженов жас қызметкерлерді тәрбилеуде тәлімгерлік институты мен ардагерлер ұйымдарының әлеуеті басты тетік болып табылатынын атап өтті. «Қазақстандық полиция қызметкерінің жаңа бейнесін қалыптастыру – жеке құрамның патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, еліміздің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға, толеранттылыққа, ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған мақсатты іс-шараларды өткізуді көздейді», - деді іс-шараны ұйымдастырушы. ІІМ өкілі полицейдің кәсіби қалыптасуына, оның моральдық және адамгершілік нығаюына отбасы рөлінің маңызы туралы айтып өтті.
Курс тыңдаушылары деструктивті ағым жайлы ақпаратты аса назар қоя отыра тыңдады. Осы заңсыз ұйымдарды ұстанушылардың негізгі белгілері жайлы Қоғамдық даму және ақпарат орталығының өкілдері айтып берді. Сондай-ақ, полиция жұмысын ақпараттық сүйемелдеу, әлеуметтік желілерге ден қою тақырыптары қызу талқыға түсті. «Күш құрылымдарының жұмысындағы ашықтық, халықпен, оның ішінде қазіргі заманғы ресурстар арқылы ашық диалог жүргізу – бұл полиция қызметкерлеріне деген сенім деңгейін арттырады және бүгінгі таңда ІІО жұмысын бағалаудың басты критерийлерінің бірі болып табылады», - деп СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев тоқтала кетіп, жиынның барлық қатысушыларына сертификат табыс етті.
Барлығы еліміздің әр өңірінен келген 70 адам оқыту курсынан өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Абжанов барлық қатысушыларға өз бөліністеріне аман-есен оралып, алған білімдерін тәжірибеге белсенді енгізулеріне тілек білдірді.
Динара Сағындықова, СҚО ПД баспасөз қызметі