Қоян-қолтық ұрыстан өткен облыстық чемпионатта полицейлер екі алтын медальды олжалады

Қоян-қолтық ұрыстан өткен облыстық чемпионатта полицейлер екі алтын медальды олжалады

Петропавлда қоян-қолтық ұрыстан Солтүстік Қазақстан облысының чемпионаты өтті. «Динамо» дене-шынықтыру спорт қоғамының облыстық филиалында 80 астам спортшы бас қосты. Додаға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен «Сұңқар» спорт клубының мүшелері, облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының спортшылары қатысты. Облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының төрағасы болып табылатын СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай сипаттағы іс-шаралар жастар арасында спортты насихаттаудың тиімді тетігі екенін атап өтті.

«Бүгінгі өткізіліп отырған чемпионат тек жарыс қана емес, баршамыздың өңір спортына қосып отырған үлесіміз. Сіздерге қарап, кейінгі ұрпақ бой түзеп, спортқа бет бұрады деген сенімдемін. Араларыңыздағы үздіктер облыс намысын республикалық жарыстарда қорғайды», - деді Марат Төлебаев чемпионаттың ашылу салтанатында.

«Динамо» қозғалысының 95 жылдығына орай спортшы-динамошылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлерімен бірлесіп, іс-шараға ерекше мәртебе берді. Біріншілікті «Спортта жемқорлыққа орын жоқ!» ұранымен өткізу ұсынылды. Өйткені спортта әділдік пен шынайылық бірінші орында. Бұл спорт болғандықтан, мұнда мықтылар жеңіске жетеді. Ал басқалары жеңіске жеткен қарсыластырының қуанышына куә болады. Бұл – спортшылар үшін таңсық емес. Спорттың өңір жастарының тәрбиесіндегі ролі туралы өз сөздерінде облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин мен СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Адалдық және превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин де атап кетті.

Жарыстың бас төрешісі – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғабит Өтенов пен жарыстың бас хатшысы – еңбек сіңірген спорт шебері Мирас Бірімжанов спортшылардың, дайындығына жоғары бағаларын берді. Бұдан бөлек, облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының өкілдері де ерекше атап өтілді. Бірқатар тартысты кездесулерден соң Ұлттық ұлан Әскери институты мен 6637 әскери бөлімінің спортшылары үш алтыннан алып қайтты. «Сұңқар» спорт клубынан өнер көрсеткен Қабидолла Қозыбаев 55 келіге дейінгі жеңіл салмақ дәрежесінде алдына жан салмады. Полиция департаментіне бірінші орындарды 70 келіге дейінгі салмақта полиция кіші лейтенанты Еркебұлан Сәрсембай мен 90 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан полиция майоры Талғат Рүстемов алып берді. Тағы екі полицей басқа аталымдарда көзге түсті. Ердәулет Сайдуллаев жеңіске деген ұмтылысы үшін, ал Игорь Дрозд ең қысқа уақытта қарсыласын тізе бүктіргені үшін ерекшеленді. Ол қарсыласын 39 секундта ұтты. Ұлттық ұлан Әскери институтынан келген Мадияр Жұмағұлов «Үздік техника» аталымына ие болды. Чемпионаттың үздіктері Солтүстік Қазақстан облысының намысын «Спортта жемқорлыққа орын жоқ!» ұранымен республикалық додада қорғайды.

Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметі