
Өткен аптадағы боранды ауа райы СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жұмысын күшейте түсті. Ақпанның 17-23 аралығында ауа райы жағдайының бұзылуына, бұрқасындатып, жолдарды қар басуға байланысты СҚО-да республикалық маңызы бар жолдарды 12 рет жабуға тура келді. Бұндай шешім ПД, СКО бойынша ТЖД, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және СҚО әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларымен келісіліп шығарылады. Апта ішінде СҚО жол қызметтерінің қызметкерлерімен қар құрсауынан автотехниканың 147 бірлігі шығарылды, оның 14-і жүк көлігі. 300 адам эвакуацияланды, оның 4-і бала.
Демалыс күндері ауа райы жайылғанымен СҚО жолдарындағы көктайғақ полицейлерді әуреге салды. Жексенбі күні полицейлердің көмегі қостанайлық Мәди Кәрімовке қажет болды. Ол «Қостанай-Мамлютка» автожолының 135 шақырымында басқаруындағы «МАЗ» автокөлігінің рөліне ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Кюветке түсіп кеткен жүк көлігін Мамлют ауданының орталығына бет алған учаскелік полиция инспекторлары Хасан Шәукеров пен Дәурен Аманжолов байқаған. Жүргізушінің дін аман екендігіне көз жеткізген инспекторлар патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне хабарлайды. Патрульдік полиция батальоны экипажындағы полиция капитаны Әміржан Тоққожин мен полиция кіші лейтенанты Қанат Кеңесбаев жақын маңдағы Екатериновка а. тұратын Вячеслав Генаевтың қол ұшын созатынына сенімді болды. 46 жасар ауыл тұрғыны бұрын шаруа қожалығында жұмыс істеп жүрген кезінде де патрульдік полицейлерге жәрдемдесіп тұратын, ал қазір «ҚазАвтоЖолда» жұмыс кірген соң, үнемі көмекке келеді. Биылғы қыстың өзінде жеке уақытымен санаспай, екі рет жолда тоқтап қалған жүргізушілерді шығарған. Осы жолы да Вячеслав Екатериновкадағы «темір тұлпары» - К-700 тракторымен бірден көмекке шыққан.

«МАЗ» көлігін бірден тартып шығару мүмкін болмады, өйткені трос үзілді. Абырой болғанда, «Audi» автокөлігі келіп тоқтаған, рөлде Буденное с. электрші болып жұмыс істейтін сол ауданның тұрғыны Юрий Зайцев болған. Мән-жайды байқаған ол жүксалғышынан тросын алып, «МАЗ» көлігін жолға шығаруға көмектескен.
«Жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу – кезекшілікке түскен кезде әр экипажға берілетін тапсырма ғана емес, бұл көптеген солтүстікқазақстандықтардың өмірлік қағидасы болуы тиіс, — дейді СҚО ПД ППБ командирінің орынбасары полиция капитаны Уәлихан Оразалин. — Бір-біріне көмекке келу, әсіресе ауа райы құбылмалы солтүстік өңірде аса маңызды. Қыста жол жүрген кезде аса сақ болған жөн. Өткен аптада батальон қызметкерлері өз күштерімен жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге 10 рет көмек қолын созған».
Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметі