Солтүстікқазақстандық полицейлер қарт тұрғындар мен жалғызбасты жерлестеріне маңайдағы қарларын күреп көмек көрсетуде. Биылғы қыста қар қалың жауғандықтан, бұл жұмыстар өткен жылдың желтоқсан айында бастау алды. Өткен демалыс күндері полицейлерге еріктілер қосылды. Петропавл қ. Полиция басқармасының қызметкерлері мен студенттер қолдарына күректерін алып, зейнеткерлердің мекенжайларына бет алды.
Еріктілер тобын ІІО зейнеткері, отставкадағы полиция подполковнигі Петр Аксенов бастады. Олар Шәжімбаев көшесіндегі зейнеткердің үйінің ауласын тазалады. Мұнда ішкі істер органдарының 81 жастағы ардагері Савелий Степанович Лукашов тұрады. Еріктілер маңайдағы қарды, үйге әкелетін жолдарды қардан тазартып болған соң, зейнеткермен еркін отырып әңгімелесті.
Ал осы уақытта қаланың басқа жерінде Жұмысшы кентінде тәртіп сақшылары ішкі істер органдарының 67 жастағы ардагері Сәкен Бәкетовке қолғабыс етті. Отставкадағы майорға көршілес 80 жастағы Наталья Янышева тұрып жатыр. Мұнда да барлығы жиналып, әп-сәтте маңайдағы қарды күреп, шығарып тастады.
Қалалық полицейлер қырық жылдық еңбек өтілі бар Мария Сергеевна Буржинскасқа да барып қайтты. Оның үйінің маңындағы қар шығарылып, тазалық орнады. Ал жуырда облыстық Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығы қызметкерлері бірауыздан келісіп, Московская көшесінде тұрып жатқан қарт әжейдің үйінің шатырындағы және ауласындағы қалың қарды тез арада шығарып тастады. Қарт әжей сақшыларды жақсы таниды. Өйткені олар өткен жылы келген еді. Полицейлер мен еріктілердің еңбегіне риза болған зейнеткерлер алғыстарын айтып, ыстық шай ұсынды. Бірақ тәртіп сақшылары екінші ауысымға қызметке түсетін болғандықтан, кешкі сап түзеуге асықты. Петропавл қ. Полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Сағындық Теміреевтің айтуынша, полиция қызметкерлері келесі күні жаңа мекенжайларға бармақ. «Осындай іс-шаралар тұтас ұжым болып, топ құрамында қызмет атқаруға септігін тигізеді. Еріктілердің көпшілігі офицерлерге қарап, полиция қатарында қызмет атқаруға деген қызығушылығы артады. Олардың бүгінгі көмегі үшін зейнеткерлер дән риза болып, мәз-мейрам болды», - дейді Сағындық Теміреев.
СҚО ПД баспасөз қызметі