Петропавлдық балықшы Қызылжар ауданында мылтық тауып алды

Петропавлдық балықшы Қызылжар ауданында мылтық тауып алды

Петропавлда полицияға 51 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Жуырда ол Қызылжар ауданының Шаховское ауылы маңында балық аулаған кезде котлован жағасынан 20 калибрлі «ИЖ-ЗК» дара ұңғылы аңшы қаруын тауып алған. Ер адам оны үйіне алып кеткен, келесі күні «102» арнасына қоңырау шалып, ерікті түрде қаруды тапсыру туралы айтқан. Орынға жедел-тергеу тобы келіп, қауіпті затты алған. Полицейлер қаруды сараптамаға жіберді.

«Бұндай жағдайда осы сияқты заттарды тауып алған жерге полицияны шақыру керек, — дейді СҚО ПД Азаматтық және қару айналымын бақылау бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Құрман Мусин. – Дегенмен, қаруды ерікті түрде тапсыру қала тұрғынын тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны үшін жауапкершіліктен сақтап қалды. Еске саламыз: тiркелмеген тегiс ұңғылы, газды қару мен олардың патрондарын, электрлі, лақтырылатын, оқсыз атылатын қаруды, белгі беру қаруын, үрлемелi қуаты 7,5 Джоульдан жоғары, калибрi 4,5 миллиметрден асатын пневматикалық қаруды олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін заңсыз иеленіп алу, беру, өткiзу, сақтау, алып жүру, тасымалдау – жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді».

Жыл басынан СҚО полицейлері заңсыз айналымнан барлығы 96 бірлік қару тәркіледі.